Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Атырауда қала іргесіндегі «Гүлден» ықшам ауданы жарыққа жарымай отыр

AstanaTV
01.07.2021ж. 20:00
1690
Атырауда қала іргесіндегі «Гүлден» ықшам ауданы жарыққа жарымай отыр

Атырау іргесіндегі «Гүлден» ықшам ауданының жұрты жарыққа жарымай отыр. Айтуларынша, өз беттерінше жүргізген электр сымы екі күннің бірінде үзіліп, тұрақсыз тоқтан үйдегі техникалар істен шыққан.   Қатты жел тұрса құлайтын бағаналар да қауіпті. Бір күні балалардың басына түсе ме деп, жанымызды шүберекке түйіп отырамыз, - дейді тұрғындар. Өңірден-Базаргүл Нәдірқызы.

Мына айқұш-ұйқыш тартылған электр тоғы мен салбыраған сымдар «Гүлден» халқы үшін үйреншікті.   100-ден астам отбасы 10 жылдан бері осылай күн көріп отыр.  Ербол Шманов    бала-шағасының өміріне алаңдайды. Үйлердің ауласымен жүргізілген электр сымдары өте қауіпті дейді ол. Бірақ, басқа барар жері болмай, амалсыздың күйін кешуде.

Ербол ШМАНОВ, "ГҮЛДЕН" ЫҚШАМ АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Жел болғанда құлады. Жігіттер тұрғызып, былай қарай көмді. Өткен желде тағы да құлады. Тоқ салбырап жатыр. Қол тиіп жатыр. Менің үйім өртеніп кетсе, кім жауап береді?  

Жел тұрса, жауын жауса  жағдай қиын. Біресе баған құлайды, біресе сым үзіледі. Жарық бірде бар, бірде жоқ. Ал аптап ыстық басталғалы мәселе тіпті еселенді.

Асхат ЖАНТІЛЕКОВ, "ГҮЛДЕН" ЫҚШАМ АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Үйде тоңазытқыш жанып кетіп жатыр. Телевизор жанып кетіп жатыр. Кредитке алдық. Кір машинаны 160 мыңға алдық. Ұят қой мынау.


Ақөрік БАЙДУЛИЕВА, "ГҮЛДЕН" ЫҚШАМ АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Мынадан найзағай түседі қатты жаңбырда. Найзағай түссе не адам қырылады, не бала қырылады. Ия машинаға түседі мына күні. Оның ішіне 4-5 адам болса, ол өледі. Акимат соны күтіп отыр ма? Бір шешім жасау керек қой.  

Мамыр айында ауылға жаңа  трансформатор қойылады дегенді естіп, халық қатты қуанған. Бірақ  бір-екі бағанды орнатқан  соң жұмысшылар кетті дейді. Енді олар басталған жұмыс аяқсыз қала ма деп уайымдап отыр.   Ал қаланың коммуналдық шаруашылық бөлімі  басшысының айтуынша,  «Гүлден»- бау-бақша өсіруге  арналған аумақ. Сондықтан  жергілікті бюджет есебінен инженерлік  инфрақұрылым жүргізу мүмкін емес. Халық сұраған соң ғана  Сарыөзек елді мекені мен «Гүлден» ықшам ауданын жарықпен қамту үшін құны 850 млн теңге болатын жобалық  сметалық құжаттар әзірленген.   Бірақ  қазынадан қаражат әлі бөлінбепті.  Сондықтан мәселені демеушілер есебінен шешуге тырысып жатырмыз дейді.

Әлібек МҰХАМБЕТӘЛИЕВ, АТЫРАУ ҚАЛАЛЫҚ ТҰРҒЫН ҮЙ КОММУНАЛДЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:

Бірінші столба қойдық. 40 данасын әрине ол жерге 2 көшеге столба қою керек. Ол жерге столба қарастырып жатырмыз. Ендігі алдағы уақытта «Гүлден» бау-бақшасына тоқ жүргізу жұмыстарын бастаймыз. Бұны айтып кету керек қойған мерзім жоқ. міне бір аптаның ішінде, екі аптаның ішінде деп.  Бірақ проблеманы шешуге жұмыстанамыз.

Электр қуатының жетіспеушілігіне байланысты биыл қалаға жаңа 50 трансформатор   орнатылады. Ал ескілері  Гүлден елдімекеніне қойылмақшы.  Айта кетейік, жарыққа байланысты проблема   тек  бау-бақшалы аумақтарда ғана емес, қала үшін де өзекті мәселе.

Б. Надірқызы