Түркістан облысындағы Сауран қалашығының халқы рауандап атқан ақ таңды күмбірлеген күймен қарсы алды. Ұлттық домбыра күніне орай отызға жуық күйші бір мезетте ұлттық аспапта ойнап, қос ішекті қара домбырамен күй әуелетті.
Түркештің «Көңіл ашар», Құрманғазының «Балбырауын», Динаның «Науысқы» күйлері орындалды. «Домбыра үнімен бой көтерген жаңа Сауран» атты күйшілер флешмобының мақсаты – тарихы терең, сырын талай ғасыр ішіне бүккен Сауран қалашығының жаңа таңы атқанын, енді ғана құрылған Сауран ауданының жаңа дәуірі басталғанын насихаттау, -дейді ұйымдастырушылар. Айта кетейік, Сауран -ХІІ ғасырдағы ірі сауда орталығы, ортағасырлық әйгілі қалалардың бірі болса, Сауран ауданы-биыл үш жылдығын атап өткен Түркістан облысында жаңа құрылған аудан.
А. Төребекқызы