$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Елімізде вакцина паспортын сататындар көбейген

AstanaTV
02.07.2021ж. 20:00
3419
Елімізде вакцина паспортын сататындар көбейген

Елімізде вакцина паспортын сататындар көбейген. Жалған құжат жасап, табыс көзіне айналдырғандарға қатысты 27 іс қозғалған. Заңсыз қағазды сатқандармен қоса оны алып пайдаланған адам да жазаланған. Бірақ бұл  оңай олжаға кенелгісі келгендерге сабақ болмай тұр.
 
Елорда тұрғыны Айнұр вакцина паспортын сатып алған. Бұған амалсыздан бардым дейді ол.  

Айнұр, НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Негізі вакцинацияға қарсымын. Кішкене қорқыныш бар көтере алмай қалам ба деген, сондықтан құрбым осы жақында құжат жасап алған. Вакцинация жасалынды деген. Сол кісіден номерін сұрап, хабарластым поликлиникаға, сол жерде өзімнің келуімді сұрады. Бардым, 1-компоненті 10 мың тг, 2-компоненті 10 мың тг, сомен 20 мыңға құжат дайындады.  

Қазір жұрт арасында екпе құжатын сататындардың бар екені ашық айтылып жүр. Оған көз жеткізу үшін, біз де тиісті адамдардың нөмірін іздеп тауып, хабарластық.

Ішкі істер министрлігінің айтуынша, ПТР-тест нәтижесін қолдан жасау және сату бойынша жыл басынан бері 23 қылмыстық іс қозғалған.  Ал 4 азамат жалған вакцинация паспорттарын пайдаланғаны үшін жазаланған.

Нұрділдә ОРАЗ, ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРІНІҢ КЕҢЕСШІСІ:

Қылмыстық құқық бұзушылықтың бұл түрі үшін қылмыстық жауаптылық 2 айлық есептік көрсеткішке дейінгі айыппұл түрінде немесе сол мерзімге бас бостандығынан айыру түрінде көзделген, ал жалған вакцинация паспортын пайдаланғаны үшін 160 Айлық есептік көрсеткішке дейінгі айыппұл салынады, немесе 160 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тартылады немесе 40 тәулікке қамауға алынады.

Жауаптылардың айтуынша, жалған құжат  халыққа үлкен қауіп төндіреді. Өйткені ол адам вирус жұқтырып, жақындарына  таратуы мүмкін.  Егер заң бұзу дерегі бір жыл ішінде тағы қайталанса, сондай-ақ вакцинация паспортын қолдан жасау әрекетін адамдар тобы алдын ала сөз байласу арқылы жүзеге асырса, айыппұл  өседі, яғни кінәлілер 11 миллион 600 мың теңге айыппұл төлейді. Немесе   төрт жылға дейін бас бостандығынан шектеледі, тіпті  қамалуы да мүмкін.
 
А. Базарбай