Спорт Қазақстан
$445.66 €474.58 ₽4.78
×

Н.Назарбаев: Қазақстан мен Әзірбайжан арасындағы тауар айналымы алдағы 2-3 жылдың ішінде артуы мүмкін

AstanaTV
03.04.2017ж. 20:00
2976
Н.Назарбаев: Қазақстан мен Әзірбайжан арасындағы тауар айналымы алдағы 2-3 жылдың ішінде артуы мүмкін

Қазақстан мен Әзірбайжан арасындағы тауар айналымы алдағы 2-3 жылда бірнеше есеге артуы мүмкін. Бұл туралы Бакуге ресми сапармен барған ел президенті Нұрсұлтан Назарбаев мәлімдеді. Президент: «Бүгін қос тарап арасында қол қойылған құжат нәтижесі екі елге де жемісін береді», - деп атап өтті. Кездесудегі келелі мәселелер жайын әріптесім Дәуренбек Бағдәулетұлы айтып берсін.

Кездесудің ресми бөлімі президент Ильхам Әлиевтің резиденциясы «Загульбеде» өтті. Көркем ғимарат Бакуден не бары 30 шақырым қашықтықта орналасқан. Теңіз жағалауындағы түбекте Ильхам Әлиев құрметті қонақтарын қабылдайды. Қорғаныс министрлігінің оркестрі алдымен екі елдің әнұранын орындады.

Қос президенттің бетпе-бет кездесуінде БАҚ өкілдеріне кіруге рұқсат етілген жоқ. Қол қойылған басты құжат -бірлескен декларация. Оның мәтіні әлі жарияланған жоқ. Алайда, кейін Әзірбайжан басшысы қос ел басшысының ойы бір жерден шыққанын айтты. Сондай-ақ ол Нұрсұлтан Назарбаевты Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес өкілі болып сайланғанымен құттықтады.

Ильхам Әлиев, Әзірбайжан Республикасының президенті:

Бұл Қазақстанның әлемдік мәселелердегі рөлін айқындай түседі, ол сіздің біздің өлкеде ғана емес, ғаламдық тұрғыда бейбітшілікті ұстанатын жеке абыройыңыздың арқасы. Біздің қос ел арасындағы қарым-қатынастың дамуына көңіліміз әбден толады. Біз әркез қарым-қатынастамыз. Бүгінде көптеген сұрақтар бойынша пікірлерімізді білдік. Кеше кешкісін басталған жұмыс барысы барлық мәселелерде ойымыз бір жерден шығатынын көрсетті.  

Нұрсұлтан Назарбаев алдағы 2-3 жылдың ішінде қос мемлекет арасындағы тауар айналымы күрт өсетініне сенімді. Бұл тұрғыда Қазақстанда тұратын эникалық әзірбайжандықтардың рөлі жоғары.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Біз қос ел арасында сауда-саттықты артыратын мүмкіндік бар екенін аңғардық. Алдағы 2-3 жылда бірнеше есеге арттыруға болады. Ведомстволар мен көлік-коммуникациялық келісімдер мен құжаттар - осының дәлелі. Мұндағы дәнекер - біздің елде тұратын 130 мың этникалық әзірбайжан. Олар - біздің қарым-қатынасты жақсартып, кәсіпорын ашып, бизнестерін дамытып жатқан біздің азаматтар.

Қол қойылған құжаттар ішінде ҚТЖ мен Әзірбайжан темір жолы арасындағы стратегиялық ынтымақтастық құжаты да бар. Қос компания логистика мен көлік құрылымын арттыратын болады. Үкімет басшылары өсімдіктерді қорғап карантинге қарсы жұмыста да бірлесіп еңбек ететін болды. Ал СІМ 2017-2018 жылдарға серіктестік бағдарламасын бекітті.

Kaznex Invest компаниясының ақпаратына сай, 2016 жылы қос ел арасындағы алыс-беріс 137 миллион АҚШ долларын құраған. Оның 107 миллионы - Қазақстанның Әзірбайжанға экспорты. Ал 30 миллионы, керсінше, біздің елге құйылған қаржы көлемі. Отандық тауар өндірісінің ішінде мұнай, шикізат өнімдері және  бидай өнімдері сұранысқа ие. Экспорттың 70 пайызын дәл осы өнімдер құрайды. Ал, Әзірбайжан тарапы бізге құрақ қант және металлоконструкция өнімдерін жіберген.

Отандық тауар өндірушілердің Әзірбайжанға өнім жіберуіне зор мүмкіндігі бар. Бұл елдің тауар айналымы Kaznex Invest компаниясының ақпаратынша, 20 миллиард АҚШ валютасына тең. Бұл сандағы Қазақстанның еншісі әзірге 1 пайыздан аспай тұр. 

Наркес Алпысбаева, KAZNEX INVEST компаниясының экспортты дамыту қызметі бойынша  бас менеджері:

Тамақ өндірісі саласында кондитерлік өнімдерді, алкогольсіз сусындарды, макарон және шұжық өнімдерін атап өтуге болады. Себебі бұлар Әзірбайжан нарығында сұранысқа ие. Мұнан өзге машина құрастыру саласында кабельді ток өнімдері мен илектелген арматура өнімдері және трансформаторларды атап өте аламыз.  

Сондай-ақ бүгін Нұрсұлтан Назарбаев Әзірбайжанның жалпыұлттық көшбасшысы Гейдар Әлиевтің басына барып, мәңгілік алауға да гүл шоқтарын қойды.

Дәуренбек БАҚДӘУЛЕТ