Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

Қорғаныс министрі отставкаға кете ме?

AstanaTV
27.08.2021ж. 20:00
2521
Қорғаныс министрі отставкаға кете ме?

Қорғаныс министрі отставкаға кетуге дайын. Нұрлан Ермекбаевтың өзі осыны айтты. Бұл ол министр болғалы орын алған екінші жарылыс. Арыстағы алапатта да елге айтарлықтай шығын келгені анық. Ол жауаптыларға сабақ болмағанға ұқсайды. Министрдің шешімі дайын, бірақ істі соңына дейін реттеп кетемін деп отыр.

Нұрлан ЕРМЕКБАЕВ, ҚР ҚОРҒАНЫС МИНИСТРІ:

Енді менің ең басты мақсатым - сол апаттың салдырын жою тез арада. Енді сізді отставка мәселесі қызықтыратын болса, мен осы хабарды естігеннен кейін бірінші минутта өзім үшін шешім қабылдадым. Мен отставкаға беремін, мен отставка сұраймын. Ал, қалғанын жоғарғы басшылық шешеді.

Нұрлан Ермекбаев 2018 жылдан бері министр лауазымында отыр. Дегенмен жылы орнына қимастық сезімі бар сияқты.

Ал, саясаттанушы Досым Сәтпаев та, Арыстағы қайғылы жағдайдан билік тәжірибе ала алмағанына ашынды.

Досым СӘТБАЕВ, САЯСАТТАНУШЫ:

Біздің жауынгерлер бейбіт уақытта біреудің салғырттығынан өледі. Осындай жағдайды көзбен көре отырып, біз террористерді немесе диверсанттарды былай қойғанда, өзіміздің адамдық факторларымыздан да қорқамыз. Бізде ядролық қарудың болмағаны қандай жақсы. Әйтпесе, ел әлдеқашан Чернобыльға айналған болар еді.

Инженерлік оқ-дәрілер қоймасынан шыққан өрт сол жерде сақталған тротилдің жануынан болуы мүмкін деген болжам бар. Айта кету керек, Арыстағы жарылыстан соң Жамбыл облысындағы қоймаға қару-жарақтың бір бөлігі әкелінген. Жойқын дүмпудің жарықшақтары 2 шақырымға дейін жеткен. Төтенше жағдайлар министрлігінің сөзінше, апат орнында 500 тоннадан астам тротил сақталыпты. Оның сақталуы заңды ма заңсыз ба әзірге белгісіз. Қорғаныс министрлігі бұл туралы жақ ашпады.

Жарылыс ошағына жақын аймақта 3 елді-мекен бар. ГРАФИКА: Қоймадан 3 шақырым жерде Жібек жолы кенті, 8 шақырымда Үшбұлақ станциясы және 10 шақырымда Ботамойнақ ауылдары орналасқан.

Мемлекет басшысы Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы төтенше жағдайға байланысты қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді. Қылмыстық Кодексінің 462 бабы яғни қару-жарақпен, сондай-ақ айналасына қауіп төндіретін заттар жұмыс істеу қағидаларын бұзу бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Әзірге, министрдің мынадай нұсқалары бар.

Нұрлан ЕРМЕКБАЕВ, ҚР ҚОРҒАНЫС МИНИСТРІ:

Болған оқиғаның себебін арнайы тергеу тобы анықтап жатыр. Біздің алдын ала болжамымыз бойынша бірнеше нұсқаларымыз бар. Біріншісі - сақтық шараларының дұрыс сақталмай, өзінен-өзі өртеніп кетуі, химиялық реакция болуы да мүмкін. Тіпті қасақана өртеп жіберген деген нұсқа да қарастырылуда.

Президент төтенше жағдайдың салдарын жою үшін ведомствоаралық комиссия құруды тапсырды. Оған Премьер-Министрдің орынбасары Роман Скляр төрағасы болып бекетілді. Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев жапа шеккен ауыл халқына тиісті көмек беру керектігін айтты.

Қасым-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Роман Васильевич, сізге қазір жиналыс аяқталған соң Жамбыл өңіріне шұғыл баруды тапсырамын. Жұмыстың басы қасында болып барлық шараларды оқиға орнынан ұйымдастырыңыз.

Ресми ақпаратқа сүйенсек, Байзақ ауданында орналасқан әскери бөлімдегі жарылыс салдарынан барлығы 9 адам көз жұмды. Оның ішінде құтқарушылар мен әскери қызметкерлер бар. Соңғы белгілі болған 4 мүрденің кім екенін анықтау бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.

А.Данияр