Спорт Қазақстан
$449.58 €486.94 ₽4.86
×

Павлодарда ауыл тұрғындары автобаннан өтетін жол таппай жүр

AstanaTV
03.09.2021ж. 20:00
1798
Павлодарда ауыл тұрғындары автобаннан өтетін жол таппай жүр

Павлодар облысы Береке ауыл тұрғындары автобаннан өтетін жол таппай  жүр. Себебі "Павлодар-Нұрсұлтан" тас жолында жаяу жүргіншілерге арналған жол қарастырылмаған. Сондықтан, тұрғындар көліктер зулап жатқан жолды қиып өтуге мәжбүр.  Өйткені, олар ауылдан қалаға қатынап жұмыс істейді. Бір күні жазым боламыз ба деп жандарын шүберекке түйген ауыл халқымен тілшіміз Өзгеріс Қуанар тілдесті.

Өзгеріс ҚУАНАР, ТІЛШІ:

Бұл Павлодар-Нұрсұлтан тас жолы. Жол бойындағы ауыл тұрғындары арғы беттегі аялдамаға өту үшін темір қоршаудан секіруге мәжбүр. Өйткені мұнда жаяу жүргіншілер жолағы қарастырылмаған.


Береке ауылының тұрғыны Құсайын Уатхан Павлодарға бару үшін күнде осылай күре жолды қиып өтеді. Жолдың қауіпті екенін білсе де, басқа шара жоқ - дейді. Өйткені, қалаға қатынайтын автобусқа тек осы аялдамадан мінуге болады.  
 
Құсайын УАТХАН, БЕРЕКЕ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Павлодарға баратын, Екібастұздан келетін кісілер ана остановкаға түседі. Содан кейін мына ауылға бару үшін мына жолды қиып өтеді жаяу. Білеміз қиюға болмайтынын, мәжбүрлі түрде қиып өтіп жатырмыз. Өйткені, арнайы пешеход жоқ.

Ауыл халқы жол салынарда осы мәселені көтергендерін айтады. Алайда, оған ешкім құлақ аспаған.  Енді халық соның зардабын тартып отыр.  

Құрмет РАЙХАНҰЛЫ, ДОСТЫҚ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Былтыр біреудің жалғыз ұлын қағып кетті. Талай авария болып жатыр. Соны салып жатқан кезде әкімдерге сөзіміз өтпеді.

Ал жолға жауапты «ҚазАвтоЖол» өкілдері  неліктен жаяу жүргіншілер жолы салынбағанын түсіндіріп бере алмады. Бірақ, ауыл халқының шағымы бойынша арнайы комиссия құрамыз – деді.

Әнуар АМАНОВ, "ҚАЗАВТОЖОЛ" АҚ ПАВЛОДАР ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:

Береке ауылындағы жол бірінші категорияға жатады. Жол жобадағы проектда жолаушыларға өтетін жол қарастырылмаған. Қазіргі уақытта сол мәселені шешу үшін комиссия құрастырылады.  

Яғни, комиссия тексеру жүргізгеннен кейін ғана шешім қабылданбақ.   Ал ауыл халқының соны күтуден басқа амалы жоқ.    

Ө. Қуанар