Еліміздегі жатақханалардың жағдайы мен санитарлық тазалығы өте нашар. Сондықтан оқу орындарына заңды түрде қатаң талап қою қажет. Орындамағандарды лицензиядан айыру керек. Бүгін Қарағандыға жұмыс сапарымен барған «Nur Otan» партиясының жастарды қолдау кеңесінің мүшелері, «Jas Otan» Жастар қанатының белсенділері мен Мәжіліс депутаттары білім және ғылым министрлігіне осындай ұсыныс жасайтындарын мәлімдеді.
Елнұр БЕЙСЕНБАЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «NUR OTAN» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:
Ыстық суы жоқ. Электросым тетіктері жаңағы шығып жатыр, қауіпсіздік қамтамасыз етілмеген. Бұл мәселе менің ойымша осындай тікелей осы оқу ордасындағы басшылықтың салғырттығы. Бұл мәселені олар міндетті түрде шешуі қажет. Біз мұны міндетті түрде білім және ғылым министрлігінің деңгейінде көтеруіміз қажет. Шара қолдануымыз қажет. Тіпті лицензиясынан айыру қажет.
«Nur Otan» фракциясының мүшелері Қарағанды қаласындағы бірнеше колледж жатақханасын аралады. Оларда ыстық су, асхана , тіпті жуынатын бөлме де жоқ екені анықталды. Кейбір оқу орындарының өз жатақханасы болмағандықтан бірнеше білім мекемесінің студенттері бір ғимаратта тұрады. Ал жеке оқу орындарының басшылары қаржы тапшылығын алға тартып, жөндеу жұмыстарын жүргізбеген. Ресми ақпаратқа сүйенсек, Қазақстанда 1,1 млн студент болса оның тек 16 пайызы ғана жатақханамен қамтамасыз етілген. Шамамен 80 мың студентке орын жетпейді. Ал Қарағанды облысында 2 мыңнан астам студент пәтер жағалап жүр. Бұл мәселені шешу үшін биыл аймақта 800 -ден астам орынға лайықталған 6 жатақхана пайдалануға берілмек.
Нұржан ЖЕТПІСБАЕВ, «JAS OTAN» ЖАСТАР ҚАНАТЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:
Бір жарым жыл пандемияның кесірінен көптеген оқу процестері шегеріліп қалды. Көптеген жатақханалардың жағдайлары нашарлап қалды десем қателеспейміз. Тек қана ремонт қана емес тазалық санитарлық жағдайлары да әлсіз екен. Білім және ғылым министрлігімен бірлесе отырып осы жол картасының аясында осы мәселелердің шешілуіне ықпал ететін боламыз.
А. Қуаш