Аса шұғыл! 12 жастан асқан балаларды вакциналау үшін тізім жасалуы керек. Қызылорда облысы Жалағаш ауданының білім бөлімі атынан мектеп директорларына тапсырма берілген құжат әлеуметтік желіде тарады. Хатқа бөлім басшысы Талғат Садықов қол қойған. Бұл ақпарат қаншалықты рас? Әріптесім Асылбек Данияр анықтап көрді.
Желіде тараған бұл суретте мектеп директорлары 9 қыркүйекке дейін вакцина алатын оқушылардың деректерін нақтылауды көрсеткен. Ақпаратың шындығына көз жеткізу мақсатында облыс әкімдігіне хабарластық. Жауап мынадай:
ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫ ӘКІМДІГІ:
Қазіргі таңда республика көлемінде 12-жастан асқан балаларды коронавирус инфекциясына қарсы вакциналау мәселесі қарастырылуда. Дегенмен, бұл түпкілікті шешілген жоқ және елге бұл жас ерекшеліктегі балаларға арналған вакцина жеткізілген жоқ.
Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің ресми өкілі де бұл ақпаратты жоққа шығарды. Соңғы күндері осы тектес жалған мәліметтердің көбейгенін жеткізді. Айтуынша, қазір балаларға вакцина салу жайы қарастырылмаған. Сонымен бірге, оқу орындарына да мұндай тапсырма берілген жоқ дейді.
Ержан БАЙТАНАЕВ, ҚР ДСМ САНИТАРЛЫҚ-ЭПИДЕМИОЛОГИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:
Оқушылардың санын жалпы орталық база арқылы білеміз. Қазіргі уақытта бізде 18 жасқа толмаған балаларды вакциналау жүргізілмейді. Вакцинация тек қана ата-анасының рұқсатымен ғана жүргізіледі. Ата-анасының рұқсатынсыз, ата-анасының қол хатынсыз вакцинация жүргізілмейді. Және де ешқандай мәжбүрлеу жұмыстары жасалынбайды.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 1900-ге таяу бала коронавирус жұқтырған. Бұл -1 қыркүйектен бері тіркелген жағдай.
ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРЛІГІ:
Оқу жылы басталғалы, мың жарым сынып карантинге жабылды. Сабақ қашықтан оқуға ауыстырлды. Эпидемиологиялық зерттеу нәтижелері бойынша аурушаңдық оффлайн режимде оқуымен байланысты емес.
Қазақстанға жылдың төртінші тоқсанында "Pfizer" екпесін жеткізу жоспарланған. Ол 12 жастан асқан балалар мен жүкті әйелдерге салында деп жоспарланып отыр. Ал, Финляндияда ғалымдар бұл препаратты балалар мен жасөспірімдерге сынамақ. Тампер университеті ерікті ретінде 6 айдан 12 жасқа дейінгі балаларды қабылдап жатыр.
А. Данияр