Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Батысқазақстандық археологтар Алтын орда дәуіріне тиесілі қорым тапты

AstanaTV
13.09.2021ж. 20:00
1856
Батысқазақстандық археологтар Алтын орда дәуіріне тиесілі   қорым тапты

Батысқазақстандық археологтар 14 -ғасырға жататын көне қорым тапты. Мамандардың болжамынша, бұл қорым қазақ мемлекеттілігінің даңқты дәуірі саналатын Алтын орда кезеңіне тура келеді. Жеті ғасырдың  куәсі болған  кесене    дала ақсүйектеріне арналып салынған болуы мүмкін.  Толығырақ тілшіміз Еркін Карин айтады.

Мамандардың айтуынша, кесене күйдірілген кірпіштен салынған. Биыл бір жақ бұрышын аршыған кезде қабырғасы опырылып құлаған. Кесененің іргесінен тағы бір зират табылыпты.  Мұның да пішімі ерекше. Саман таспен дөңгелене өрілген,  төменгі жағына жылқының бас сүйектері қойылған.

Яна ЛҰҚПАНОВА, АРХЕОЛОГ:

Ақсүйекке салынған кесене. Алтын ордада Жәнібек, Өзбек деген екі хан болған. Бірі -әкесі, бірі- баласы. Солар деген жайылым жерлерінің шекараларын дәлелдеу үшін осындай кесенелерді қойған. Бірақ біз тағы барлау өткізіп, тұрғын жерлерді іздегіміз келеді. Ауылдары болған болар.

Еркін КАРИН, ТІЛШІ:

Археологтар кесененің оңтүстік-шығыс бетінен мынадай ерекше кірпіштерді тапты. Бұл кірпіштердің көлемі, ені де, биіктігі де -25 сантиметр. Бұл стандарт Алтын Орда дәуіріне тиесілі дейді мамандар. Әрі мына тастардан ерекше бір белгіні байқауға болады. Мысалы, мына айқыш салынған тасты кесененің қабырғасына пайдалануы мүмкін, ал мына дөңгелек белгілер кесененің күмбезіне қаланған. Мамандардың айтуынша, ұсталар бұл тасты күйдірмес бұрын осы белгіні күні бұрын салған екен. Ал мына бір қармақ тәрізді ерекше белгінің құпиясы әзірге ашылар емес.

Мамандардың айтуынша, кірпіш күйдіретін шеберхана да осы жақын маңда болуы мүмкін. Өйткені мұндай құрылысқа ұзақ уақыт қажет. Ал кесенеден табылған карнель тасынан жасалған моншақтарды сол кездегі адамдар түрлі ауруға ем ретінде  қолданыпты. Ендігі міндет -  терең  құпияны ішіне бүккен кесенені қалпына келтіру.  

Мирболат ЕРСАЕВ, БҚО ТАРИХИ-ӨЛКЕТАНУ МҰРАЖАЙЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

Туризмді дамытуға бірден-бір үлкен пайдасын тигізетін осы бір тарихи ескерткіштер. Егер де осы тарихи ескерткіштерді біз қайтадан қалпына келтіруге жұмыстансақ, қаржыға байланысты бәрі де. Қаржы бөлінген жағдайда бұл кесенені қайтадан музеефикация жасап, қалпына келтіріп, ішкі туризмге үлкен бір септігі тиер еді.

Археологтар кесененің ертеректе тоналғанын айтады. Бұл- бағалы бұйымдар мен алтын іздегендердің  ісі, дейді. Қазба жұмыстары аяқталған соң, аумақта күзетті күшейтпек.

Е. Карин