Спорт Қазақстан
$444.32 €473.33 ₽4.76
×

Павлодарда мал дәрігерлерінің жалақы дауы шешілер емес

AstanaTV
13.09.2021ж. 20:00
1261
Павлодарда мал дәрігерлерінің жалақы дауы шешілер емес

Павлодарда мал дәрігерлерінің жалақы дауы шешілер емес. Басқарма басшысы мен қаланың ветеринариялық станса директоры арасындағы дау күн өткен сайын өршіп барады. Станса басшысы  басқарма бастығынан қысым көріп жатқанын айтып, бізге шағымданғанын көрсеткен-ек. Хабар шығысымен, станса басшысы одан бетер қысымға ұшырағанын жеткізді. Екі шендінің дауына не себеп? Мал дәрігерлері қашан жалақы алады? Салада бұдан өзге қандай мәселе бар? Тілшіміз біліп келді.

Шенділер арасындағы дауға ветеринариялық станса директорының жұмыстан заңсыз қуылғаны түрткі болған. Алайда, өз орнынан қайта келген директорды басқарма басшысы қысымға алыпты. Айтуынша, оны заңсыз әрекеттерге баруға итермелеген.

Серікбай ҚҰРЫМБАЕВ, ПАВЛОДАР ҚАЛАСЫНЫҢ ВЕТЕРИНАРИЯЛЫҚ СТАНСА БАСШЫСЫ:

4 айдың ішінде жасайтын жұмысты  олар маған  бір күнде жаса деп отыр. Олардың әрекеті мені қылмыстық іске итеріп отыр. Егер біз оны жасасақ қылмыскер ретінде болып саналып кетеміз.

Бастығының сөзін мекеменің бас есепшісі де қолдап отыр. Басқарма басшысы берген бұйрықты орындау заңсыз екенін айтады.

Ғалия МЕЙІРХАНОВА, ПАВЛОДАР ҚАЛАСЫ ВЕТЕРИНАРИЯЛЫҚ СТАНСАСЫНЫҢ БАС ЕСЕПШІСІ:

Басқарма бізге 9 млн. теңге ақшаны қазір игеріп, жұмысшыларға жалақыны содан төлеңдер - дейді. Біз тек атқарылған жұмыстарға байланысты ғана ақы төлей аламыз. Ал біз алдын ала қаңғыбас иттерді аулап тастамаймыз ғой. Өйткені, бізде әр ай сайынғы жоспар бар. Сол жоспарды жасау арқылы біздегі ақша игеріледі. Ал басқарманың бұл әрекеті бізді жемқорлық фактілеріне итермелеп отыр. Бұл заңсыздықты біз орындай алмаймыз. Орындасақ басымыз кетеді.

Ал басқарма басшысы болса, ешкімге қысым көрсетпегенін айтты. Тек соңғы 6 айдағы атқарылған жұмыстың ақшасын игеруді талап еттім – дейді.

Қайыржан БАЙЖАНОВ, ПАВЛОДАР ОБЛЫСТЫҚ ВЕТЕРИНАРИЯ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Бізде 9 млн әлі ақша игерілмеген жатыр, әлі. Оны неге игермейді да неге зарплаталарын төлемейді да. Бүгін ақша финансирование отырды бюджет.  Жұманың аяғына дейін төлеп береміз.


Аймақта мал дәрігерлері тапшы. Үш ауылға бір ғана маман қызмет көрсетеді. Кадр жетіспеушілігіне жалақының аздығы да себеп болған. Мардымсыз жалақыны кешіктіру мәселені одан әрі ушықтырып жібермесіне кім кепіл?

Ө. Қуанар