Қызылжарда мемлекеттік бағдарламамен салынған үйлер пәтер кезегінде тұрғандарға дұрыс таратылмаған. Мұны қалалық әкімдіктің жұмысын тексерген аудиторлық комиссия өкілдері мәлімдеді. 3 миллиард теңгенің заң бұзушылығы анықталған. Өңірден-Абзал Құрманкин.
Бала кезінде ата-анасынан айырылған Марина Докучаева мектеп бітірген соң, пәтер кезегіне тұрған. Бірақ кезектің алға жылжитын түрі жоқ. Ал ол 11 жылдан бері көшіп-қонып жүр.
Марина ДОКУЧАЕВА, ПЕТРОПАВЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Мен 2010 жылы пәтер кезегіне тұрғанда шамамен 1600-орында болдым. Кейін жетімдер үшін басқа кезек жасалды, мен 360-орында болдым. Енді жеті жылдан бері әлгі кезек не бары 150 сатыға ғана жылжыды. Қашан баспаналы болатынымды білмеймін. 8 жасар балам бар. Жүз мың айлығым пәтер жалдауға және азық-түлікке кетеді. Ақша жинауға мүмкіндік жоқ.
Аудиторлық тексеру кезінде тұрғын үй кезегіне қатысты бірқатар кемшілік анықталды. Қалалық әкімдік 9 адамға тұрғын үй қорынан негізсіз пәтер берген. Яғни, оны комиссияның шешімінсіз таратқан. Бұдан бөлек, қызметтік пәтерге ие болған 4 шенеунік жұмыстан кетсе де баспананы уақытында қайтармаған көрінеді.
Марат ЕБЖАНОВ, СҚО ТЕКСЕРУ КОМИССИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:
Мемлекеттік аудит барысында 3 миллиард 208 миллион теңгенің заң бұзушылығы анықталды. Мәселен, тұрғын үйді жалға алған 68 адам төлемдерді уақытында жүргізбеген. Бір отбасыға 170 шаршы метрден тұратын пәтерді жекешелендіруге рұқсат берген. Сондай-ақ, 4 әкімдік қызметкері жұмыстан кеткен соң пәтерді дер кезінде қайтармаған. 3 миллиард теңгенің олқылықтары орындалған болатын.
Қала әкімінің орынбасары бұл заң бұзушылықтармен келіседі. Аудиторлық комиссияның нұсқаулығын бірте-бірте орындап келеміз, дейді ол. Негізсіз таратылған пәтерлер тұрғын үй қорына қайтарылып жатыр. Ата-ана қамқорлығынсыз қалғандардың да мәселесі де басты назарға алынған.
Асқар ХАБИБУЛИН, ПЕТРОПАВЛ ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
13 пәтердің бәрі тізімде тұрған кісілерге таратылған. Бірақ олар басқа категорияда тұрған кісілерге таратылған. Инвалид, көпбалалары аналар, соларға берілген. Бірақ гослужащийларға берілген жоқ. Енді ол бұзушылықты жою үшін қазіргі кезде әкімдік жаңа үйден 15 пәтерді жетімдерге беріп жатыр.
Бұл заң бұзушылықтар үшін қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығының бұрынғы басшысына 15 есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынған. Бірақ іс мұнымен тоқтамайды. Тексеру комиссия бар ақпаратты прокуратура мен сыбайлас жемқорлық агенттігіне жіберген. Енді пәтер былығымен құзырлы органдар айналысуы мүмкін.
А. Құрманкин