Алматыдағы атысқа қатысты тың деректер жария болды. 5 адамды жайратып салған күдіктінің әйелі, қылмыстың алдын алуға болар еді дейді. Ол құзырлылардың әрекетін сынға алды. Ал, полиция күдіктіге қатысты Қылмыстық кодекстің екі бірдей бабымен іс қозғалғаны хабарлады. Оқиғаның жай-жапсары тілшіміз Бекболат Сатуовтың репортажында.
Қанды оқиға орын алған Ақбұлақ ауданындағы шағын үй аумағы әлі арнайы қоршаумен тұр. Баспанада күдіктінің отбасы тұрып жатыр. Бүгін отанасы БАҚ өкілдеріне іште болған жағдайды баяндады. Айтуынша үйде сол сәтте кәмелетке толмаған 3 баласы мен қария болған. Оқиғаға сот орындаушылардың іс-әрекеті себеп болғанын жеткізді.
Анаида ДЕМИРЧЯН, КҮДІКТІНІҢ ӘЙЕЛІ:
Сот орындаушылар күйеуімді осы жағдайға мәжбүрледі. Олар үнемі хабарласып қоқан-лоққы көрсетіп жүрді. Кеше кезекші прокурор келіп, барлығын заң шеңберінде түсіндіргенде бұл қылмыстың алдын алар еді, түсінесіздер ме?
Келеңсіздік сот қаулысын орындау кезінде болған. 54 жастағы азамат сот орындаушылар мен полиция қызметкерлеріне және олармен еріп келген тағы екі адамға аңшы мылтығымен оқ жаудырған. Салдарынан 5 адам қайтыс болды. Куәгерлердің айтуынша баспананың жаңа қожайынының қарындасы да сол жерде болған. Ол да болған жайтты көзімен көрді дейді.
Дінмұхаммед ОМАРОВ, КУӘГЕР:
Бірінші үш дауыс шықты мылтықтың. Мылтықтың даусы деп ойлаған жоқпыз енді, тапа-тал түсте ғой. Сосын үш дауыстан кейін тағы шамамен 4 оқтың даусы естілді.Оған мән берген жоқпыз. Сосын бір қыз айқайлап жылап шыққан кезде далаға шықтық. Ағамды өлтірді, ағамды өлтірді деді. Қыз жылап дұрыс айталмады.
Содан кейінгі жағдай көпшілікке мәлім. Оқиға орынына арнайы жасақ келіп, оқ жаудырған азаматты құрықтаған. Дегенмен күдіктінің зайыбы Банктің құйтырқы әрекетінің құрбаны болғандарын жеткізді. Қаржы институты да жауабын жазбаша жария етті.
"БАНК ЦЕНТРКРЕДИТ" БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ:
2011 жылғы шілдеде "Нано Плюс" ЖШС қарыз алушысына 102 млн қарыз берген. Есесіне кепілмен қамтамасыз ету негізінде "Ақбұлақ" шағын ауданындағы, Сыздықов көшесі 29 үй қабылданған. Содан қарызды қайтармай іс бірнеше рет сотта қаралды. Ақыры үй аукцион арқылы 2018 жылы сатылып кетті. Кейіннен бұл іс бойынша сот тағы да іс қозғап, мүлікті аукцион бойынша сатып алған Тұрымовқа қалдырған. Үйден шығару ісі қайғылы жағдайға айналды.
Қалалық полиция бастығының дерегінше қаза тапқан қос полицейдің жанында қызметтік қару болған, бірақ оны қолданбаған. Олардың бұл әрекетінің себебін жедел-тергеу тобы анықтап жатыр. Ал күдіктінің үстінен 2 бірдей қылмыстық іс қозғалған.
Қанат ТАЙМЕРДЕНОВ, АЛМАТЫ ҚАЛАСЫ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСТЫҒЫ:
Аталған дерек бойынша "Адам өлтіру" және "Билік өкіліне қатысты зорлық-зомбылық қолдану" бойынша екі қылмыстық іс енгізілді. Болған оқиғаны тергеу үшін ведомствоаралық жедел-тергеу тобы құрылды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Қаза тапқан учаскелік полиция инспекторлары майор Дархан Сүлеевтің артында 5 баласы, ал капитан Нұрбол Байғазиевтің қос бірдей перзенті қалды. Екі отбасына да пәтер берілетіні белгілі болды.
Б. Сатуов