Қызылжарда денсаулық сақтау басқармасының бұрынғы басшысы сотталды. Экс-шенеунік Қабдырахман Сақтағановтың ұсталғаны туралы сыбыс қазан айының бас кезінде тараған болатын. Алайда, құзырлы органдар бұл жайында сот басталғанға дейін ресми мәлімет бермеді. Сот процесінің барысында облыстың бас дәрігері 200 мың теңге көлемінде пара алғаны белгілі болды. «Денсаулық» коммерциялық емес ұйымының жетекшісі басқарма басшысына өзін қамқорлыққа алуды сұраған көрінеді.
Асылбек ҚОҢЫРАТОВ, СҚО ПРОКУРАТУРАСЫНЫҢ АҒА ПРОКУРОРЫ:
Қарабаева Сақтағановпен пара көлемі жайында ақылдаспай, оның жұмысына барып, ақшаны қағаздардың арасына жасырып берген. Бұдан былай аталған ұйымды қамқорлыққа алу керектігін ұққан Сақтағанов 200 мың теңгені санап алған, бас тартпаған. Ол қаржыны әмиянына салып, үйіне алып кетті. Ізінше жемқорлыққа қарсы агенттігінің өкілдері бұл қаражатты оның үйінен тауып, тәркіледі.
Бір ай үй қамауында отырған денсаулық сақтау басқармасының экс-басшысы прокурорлардың барлық айыбымен келісіп, тергеу тобына қолдау көрсеткен. Сондықтан судья сот процесі басталған күні бірден үкім шығаруды жөн көріпті. Жемқорлыққа жол берген қос басшы бас бостандығынан айырылмай, ірі көлемдегі айыппұлмен құтылды.
Динара БАЙЗАҚОВА, ПЕТРОПАВЛ ҚАЛАЛЫҚ СОТЫНЫҢ СУДЬЯСЫ:
Сақтағанов Қабдырахман Еркенұлы ҚР қылмыстық кодексінің 366 бабы екінші бөліміне сәйкес параны 30 есе артық, яғни 6 миллион теңге көлемінде айыппұл төлесін. Жеке мүлкі тәркіленбейді. Өмір бойы мемлекеттік қызметте жұмыс істеуге тыйым салынады. Қарабаева Айнагүл Серікбайқызы ҚР қылмыстық кодексінің 367 бабы екінші бөліміне сәйкес параны 20 есе көп, яғни 4 миллион теңге көлемінде айыппұл өтесін.
А. Құрманкин