Атырауда Алтын Орданың 750 жылдығы тойлануда. Шара барысында халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы өтті. Онда отандық тарихшылар мен шетелдік ғалымдар Алтын Орданың рөлін талқылады. Мемлекет басшысы Алтын Орда дәуірінен келген құнды жәдігерлерді дүние жүзіне танытып, оны туризмді дамыту үшін тиімді пайдалану керек,- дейді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атаулы шараға арнаған құттықтауын Президент әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары оқып берді.
Дәурен АБАЕВ, ҚР ПРЕЗИДЕНТІ ӘКІМШІЛІГІ БАСШЫСЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:
Алтын Орда тарихы қазіргі қазақ мемлекеттілігінің жылнамасымен тығыз байланысты. Әйгілі Жошы хан кесенесі мен Сарайшық қаласының Қазақстан аумағында орналасуы және шетел мұрағаттарынан көптеген жазба деректердің табылуы – осының айқын дәлелі. Шын мәнінде Алтын Орданың тарихы әлі де терең зерттеуді қажет етеді.
Сарайшық қаласын туристік, мәдени орталыққа айналдыру бағытында 20 нысан бой көтермек. Жайықтан өтер жылжымалы жүзбелі көпір, кешенді ұзына бойы алып жататын Гүлстан саябағы, жаңа «Алтын Орда» мұражайы салынады. Осылайша этномәдени орынға ағылатын туристер санын 700 мыңға дейін арттыру көзделуде. Президент бастамасымен шетел архивтеріндегі Алтын Ордаға қатысты материалдарды әлде де іздеп, жинақтау, ескі қалаларды қалпына келтіру, Қазақстан тарихы пәні бағдарламасының мазмұнын өзектендіру және «Ұлық Ұлыс» энциклопедиясының шығуын пысықтап, Жошы, Берке, Өзбек хандардың тарихи рөлін тереңірек зерттеу жоспарда бар.
Б. Нәдірқызы