Спорт Қазақстан
$446.49 €475.38 ₽4.79
×

Ақтөбеде лифт ауыстыру жұмыстары тұралап тұр

AstanaTV
03.11.2021ж. 20:00
1748
Ақтөбеде  лифт ауыстыру жұмыстары тұралап тұр

Ақтөбеде тоғыз қабатты үйдің тұрғындары  лифт ауыстыруды сұраймыз деп допқа айналдық дейді. Айтуларынша,  атқамінерлер бір-біріне сілтеп, әбден шаршатқан.  Бірнеше мекеменің табалдырығын тоздырып, амалы таусылған тұрғындар біздің арнамыздан көмек сұрады. Тілшіміз Гүлвира Сейтенова тарқатады.  

Әбілқайырхан даңғылындағы бұл тоғыз қабатты үйде зейнеткерлер мен мүгедек жандар тұрады. Олардың үйге кіріп-шығуы мұң. Бес ай бұрын жеделсаты істен шыққан. Тұрғындар лифтісі жоқ  үйге  жедел жәрдем де келді дейді. Жеделсатыны жөндегеннен пайда жоқ. Көне болған соң, бұзылып қала береді. Үш жыл бұрын лифтте болған қайғылы оқиғадан кейін ескі жеделсатымен жүруге қорқамыз, дейді тұрғындар.

Болан РАХМЕТОВА, АҚТӨБЕ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
 
Оқуға кетіп бара жатқан немерем лифтте қалып қойды. Әйел адаммын ғой не істерімді білмей, көршіге барып, сол ашып құтқарып алды.


Халық жеделсатыны жаңартуды  сұрап, тұрғын үй инспекциясына жүгінген. Тиісті құжаттың бәрін тапсырдық дейді. Үш ай күтіп, хабар болмаған соң, мән-жайды сұрап барған. Содан бері  "футбол ойнап жүрміз", дейді олар.

Ханшайым СЕРКЕБАЕВА, АҚТӨБЕ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

 
Әуелі СПК-ға бар деді, СПК-ға бардым. Спк ойбай акиматқа барыңыз деді, акимат протокол береді деді, акиматқа бардым. Акиматтағылар жоқ, қазір міне звондаймын деп Ақтөбе Табысқа бар деді. Сол жаққа барсам, менде протокол жоқ, мен сізге бере алмаймын дейді.


«Табыс Ақтөбе» компаниясының басшылығы лифтті ауыстыру үшін республикалық бюджеттен қаржы күтіп отырғанын айтады. 1 жеделсатының құны - 9 миллион 100 мың теңге. Соңғы бір жылда «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша қалада небары 11 лифт жаңартылған. Тағы 100 жеделсатының құжаты әзірленіп, жоғарыға жіберілді, дейді коммуналдық мекеме  өкілі.

Еркінқали КӨПЕНОВ, «ТАБЫС АҚТӨБЕ» ЖШС ДИРЕКТОРЫ:

 
Әбілқайырхан даңғылы, 73 үйде 1,2,3 подъезд кезекте тұр. 9,10,11-ші болып тұр. Қағаздары дайын. Республикаға жібердік. Иә, сіздің заявкаңыз қабылданды, қаражат бөлінеді десе, сол ақшаға біз ауыстырамыз.

Ақтөбеде қазір мыңға жуық жедел саты бар, соның 250-інің әбден тозығы жеткен. Ауыстыру керек. Жеделсатыларды жаңарту бағдарламасы бойынша биыл ғана оператор болып анықталған «Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясынан бұл бағытта қандай жұмыстар атқарылып жатқанын білу мүмкін болмады. Компания басшылығы тілшілердің алдына шықпай қойды.

Ақтөбеде үш жыл бұрын лифт құрастыратын зауыт салынса, ескі жеделсаты мәселесі шешіледі деп күтілген болатын. Тіпті, инвестор - белорусьтік «ҚазБелЛифт»  компаниясы «Ақтөбе» индустриялық аймағынан жер алып, қоршап қойған. Бірақ  бұл жоба аяқсыз қалды.

Жандос  ӨТЕУЛИН, «АҚТӨБЕ» ИНДУСТРИЯЛЫҚ АЙМАҒЫ БАСҚАРУШЫ КОМПАНИЯСЫ» ЖШС ДИРЕКТОРЫ:


2021 жылы бұл договор бұзылды, инвестордың қаржысы жетіспеуіне байланысты шарт бұзылып, жер телімі қайтарылды.

Ал тағы бір инвестор – түрік компаниясы белгісіз себептермен лифтпен айналысудан бас тартқан.

Г. Сейтенова