$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Астыртын бизнестердің жолы кесілді

AstanaTV
04.11.2021ж. 20:00
1538
Астыртын бизнестердің жолы кесілді

Қазақстанның бірнеше қаласында жұмыс істеп келген астыртын бизнестің жолы кесілді. Бірі жүздеген литр алкоголь өнімдерін жасырын шығарып, шығу тегі белгісіз мыңдаған қорап темекіні орап саудалап келген. Мамандар қолдан жасалған бұл өнімдер мемлекетке экономикалық шығын әкелумен қатар адам денсаулығына аса қауіпті деп отыр. Бірақ қауіпті заттың қанша данасы сатылғаны әзір белгісіз.

Шығу тегі белгісіз 670 мыңнан астам қораптағы темекі, Қарағанды қаласында тәркіленді. Бұл 350 млн-нан астам теңгенің өнімі. Акцизсіз заңсыз сатылғандықтан құрамы белгісіз. Қазақстандықтарға күмәнді тауар сатып пайдаға кенеліп жүрген азамат шетелдік болып шықты.

Гаухар САПАРБАЕВА, ҚАРЖЫЛЫҚ МОНИТОРИНГ АГЕНТТІГІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:


Тергеу барысында Әзербайжан азаматы басқа тұлғалармен бірлесіп Қарағанды облысының аумағында «Космос», «Беломорканал», «Тройка», «Столичные» маркалы темекілер акцизсіз заңсыз сатқаны анықталды. Нәтижесінде мемлекетке 149 миллионнан астам залал келтірілді.Тергеу жалғасуда.

Ал Шымкенттегі “Пахтахор” шағын ауданында заңсыз алкогольдік өнімдерді қолдан дайындайтын цех анықталды. Астыртын цехтан 100 дана шөлмек, қолдан ішімдік жасайтын құрал-жабдық тәркіленді. Бұдан бұрын дәмханада 6 түрлі арақты қолдан дайындаған 28 жастағы жігіт ұсталған болатын. Шымкентте биыл осындай 11 цех әшкереленсе, олардан 20 мыңнан астам күмәнді өнім мен 900 литр спирт табылған.

Айдос БЕЙСЕНБАЕВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ЕҢБЕКШІ АУДАНДЫҚ ПБ ТЕРГЕУШІСІ:


Аталған оқиға орнына жедел тергеу тобымен келген уақытта анықталғаны аталған нөмірсіз ғимаратта дайындалып жатқан алкогольдік спирттік ішімдіктер және заңсыз заттар бар екені анықталды. Тергеу әрекеттері бойынша қосымша хабарланатын болады.

Бұл фактілер бойынша Қылмыстық кодекстің «акцизделетiн тауарларды таңбалаудың тәртiбi мен қағидаларын бұзу, акциздiк маркаларды қолдан жасау және пайдалану» бабымен сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдіктілердің заңға қайшы әрекеттері сотта дәлелденсе, 2 жылға темір торға қамалуы бек мүмкін.
 
А. Қуаш, А. Төребекқызы