$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Оралда ата кәсіпті жаңғыртпақ болған кәсіпкер жерден тарығып отыр

AstanaTV
17.11.2021ж. 20:00
1169
Оралда ата кәсіпті жаңғыртпақ болған кәсіпкер жерден тарығып отыр

Оралда ата кәсіпті қайта жаңғыртпақ болған кәсіпкер Ақылбек Ищанов жерден тарығып отыр. Осыдан үш жыл бұрын бие байлап, саумал өндірісін жолға қойған ол, бүгінде балаларды ұлттық спорт түрлеріне баулып жүр. Айтуынша ата кәсіпті кеңінен насихаттауға 20 сотық жер тарлық етеді.

Еркін КАРИН, ТІЛШІ:

Атқұмар ұландардың бірі – Нұрислам. Ол қаладан 10 шақырым жердегі ауылдан күн сайын автобуспен, жол-жөнекей ұшырасқан көлікке мініп келеді. Мұнда жаттығатын балалар үшін ауа райының қолайсыздығы кедергі болған емес. Қар қылаулап, аяз күшейсе де, ат үстінде жүргенді жөн көреді.

Нұрислам ЖӘҢГІРОВ, ОҚУШЫ:

Мұнда келгелі аударыспақты үйрендім, сосын көкпарды үйрендім. Ақылбек ағай бәрімізді үйретті. Бұрын негізі осындай муляждарды көтеріп ала алмағам. Бұрын кішкене әлсіздеу болдым, қазір кішкене күш жинап мықты болдым.

Балалар атқа мініп, көкпар тартады. Жамбы атып, жерден теңге ілуді меңгергендердің ең кішкентайы 9 жаста. Бірақ оларға ат құлағында жаттықтырушы табу қиын болып тұр. Ал талапқа сай келгендерінің дипломы жоқ.

Ақмоншақ МАҚСОТҚЫЗЫ, КЕШЕН ӘКІМГЕРІ:

Себебі ол жауапкершілігін сезінеді. Үнемі атпен байланыста болуы керек. Өзін дамытуы керек, өзі де аттың құлағында ойнауы керек. Себебі қазіргі балалар сын көзбен қарап тұрады ғой. Жаттықтырушылардың өздері аударысып жатып, біреуінің тренері жеңіліп қалса, уже сол топтың оқушылары: «мә, біздің ағай көкпардың ағайынан аударыспақта жеңіліп қалды», дегендей әңгіме айтады. Келді бір-екі тренер, өздерін жетілдіре алмағасын кетіп қалды.


Жүзден астам бала жаттығатын этнокешеннің аумағы 20 сотықтан аспайды. Бұл қазіргі өлшеммен екі үйдің орны.

Ақылбек ИЩАНОВ, КӘСІПКЕР:

Жер көлемі 20 сотық, шағын болған соң біз көп баланы игере алмай жатырмыз. Енді ар жағынан тоғайдың ішінен 400-500 гектар жер берсе, аумағы кең балалардан бәйгіге шабатын шабандоздар дайындап және кеңінен көкпар ойнауға және бөлек-бөлек бір-біріне кедергі келтірмейтін алаң жасауға болар еді.

Кәсіпкердің жерін кеңейтуді көздеген әрекеті әзірге нәтижесіз. Банктер бұл істің болашағына күмәнмен қарап, несие беруден бас тартса, әкімдік те жер беруге асығар емес. Енді кәсіпкер бұл істі дербес инвестжоба ретінде ұсынып көрмек.

Е. Карин