Спорт Қазақстан
$449.58 €486.94 ₽4.86
×

Елорда маңындағы елді-мекендердің тұрғындары мал бағатын жер таппай жүр

AstanaTV
19.11.2021ж. 20:00
2464
Елорда маңындағы елді-мекендердің тұрғындары мал бағатын жер таппай жүр

10 сотық жерде 100-ден астам мал ұстап отырған Тайтөбе ауылының тұрғыны редакциямызға хабарласты. Мал өсірумен айналысып отырған тұрғын 5 жыл бойы  жайылым жер таппай, қиындықтан көз ашпадым дейді. Айтуынша атқамінерлер "Жер жоқ, малыңды азайт, болмаса кет" деп талап қойып отырған көрінеді. Толығырақ әріптесім Ақбота Базарбай жалғастырады.

Гүлбахра Мырзақызы бала-шағасымен бірге 2015 жылы арнайы бағдарламамен мемлекеттен қомақты қаражат алып, оны мал шаруашылығына салған. Сол кезде 10 бас мал алыпты. Ауыл әкімінің өзі 30-ға жеткізсең жер берем деп демеу берген. Алайда, қазір 100-ден асса да 1 сотық жер ала алмай отырмын дейді. Тығырықтан шығу үшін үйінің астына, мал қора салып алған.

Гүлбахра МЫРЗАҚЫЗЫ, ТАЙТӨБЕ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Осы уақытқа дейін малды 100 бастан асырып көбейтті. Бірақ неше жылдан бері жер ала алмайды. Малды бағу үшін, шөбін шауып алу үшін жер ала алмайды. Әкімдікке барады, конкурсқа қатысады, даже құжаттары конкурсқа кірмейді.

Бұл мәселенің шешімін таппай жүрген тайтөбеліктер де жан айқайын жарыса жеткізді. Бос емес деген жерлердің иесін білмейміз, өзін де, малын да көрген емеспіз дейді.

Жұман, ТАЙТӨБЕ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:


Мына жақын жерде бәлен мың гектар жер жатыр. Сол жерді сұрап жатырмыз. Сол жерді де бермей жатыр ғой. Текке жатыр. Оның хозяйыны бар дейді. Хозяйыны болса 5-6  жылдан бері соны істемей ме? Құр жатыр, текке жатыр.
 
Асылхан, ТАЙТӨБЕ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Жайылым жоқ. Бірақ шет-шет жаққа жаямыз. Жазда бір-екі рет "хайвай", айқай болды.

Бұл ауылда «Тайтөбе» ауыл шаруашылық өндірістік кооперативі құрылған. Тұрғындардың айтуынша аталмыш ұйымға мал жайылымы мен шабындық үшін 1200 гектар жер берілген. Кооперативке тұрғындарды кіргізудің орнына, ұйым мүшелері шабындықтың шөбін өзімізге сатып пайда көріп отыр, дейді ашынған ауыл тұрғындары.

Жазира ТАҢАТАРОВА, ТАЙТӨБЕ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Барып сұрасақ, олар тегін беру керек, ауылдың жері шауып алуларыңыз керек тегін дейді. Жоқ біз барып сұрасақ бізге шөпті шауып алуға жер жоқ. Сосын шөпті біз сатып аламыз, қымбат-қымбат бағаға сатып аламыз. Именно сол СПК-ның адамдары сатады осы ауылда сол шөптерді.

Ұйымға елді мекеннен бар болғаны 18 отбасы мүше. Басқа шаруаны қосуға барлығы қарсы екен. Әзірге осы ауылға жауапты болып отырған Парасат Мұсабекұлының айтуынша, мал басы 100-ден асқан шаруа өз алдына жеке қожалық болу керек.

Парасат ДОСМАҒАМБЕТОВ, ҚОСШЫ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІ ӘКІМІНІҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ:

Мен енді аудандық әкімдіктің барлығына жауап бере алмаймын ғой. Әкімдік ретінде бұл жеке ұйымға біреуді күштеп кіргізуге құқығым жоқ менің. Менің жұмысым СПК-ның адамдарын жинап, кім кірем деді соларға кездесуді ұйымдастырып, сосын дауыс беру арқылы шешіледі барлығы.

Әжептәуір аумаққа құжат бойынша иелік етіп отырған СПК басшысымен тілдесудің сәті түспеді. Ауылдан іздеп таба алмадық. Ал, аудандық әкімдіктегілер де ат-тонын ала қашты. Қауырт жұмыстардан, уақыт таба алмайтынын айтып ақталды. Жайылым жердің тапшылығын күзде Президентте көтерген.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Қазір мал жаятын жерге шаруалардың қолы жетпей жүр. Өйткені, мұндай алқаптарды кейбір белгілі адамдар иеленіп алған. Тіпті, оны адам аяғы баспайтындай етіп қоршап тастаған. Әкімдер түрлі себептерді сылтауратып, ықпалды адамдардың ығына жығылып, бұл мәселені шеше алмай отыр.

Мәселенің шешімін іздеп Атамекен ұлттық кәсіпкерлер палатасына хабарластық. Конкурсқа қатысу үшін тиісті көмек қолын созамыз деді.

Ернұр ӘБЖАН, "АТАМЕКЕН" ҰКП ҚҰРЫЛЫС ЖӘНЕ ЖЕР ҚАТЫНАСТАРЫ ДЕПАРТАМЕНТІ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Ақмола облысының кәсіпкерлер палатасына жүгініп, сол жақта заңгерлермен құжаттарының бәрін түгендеп, ары қарай конкурсқа құжаттарын тапсыру керек. Егер де сол жерде заңсыз бас тартатын болса, онда ол мемлекеттік қызметкерлерді жауапкершілікке тартуға болады.


Тайтөбедегі шаруалардың жайылымның мәселесі қалай шешілері әзір белгісіз.

А. Базарбай