$498.34 €519.72 ₽4.85
×

«Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегерлері марапатталды

AstanaTV
24.11.2021ж. 20:00
1351
«Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегерлері марапатталды

Бүгін Елордада «Тәуелсіздік ұрпақтары» атты республикалық жастар форумы өтті. Ауқымды шараға елдің бетке ұстар жастары қатысты.  Форум аясында әр сала бойынша үздік деп танылғандар  "Дарын" мемлекеттік жастар сыйлығымен марапатталды.   

«Тәуелсіздік ұрпақтары» атты республикалық жастар форумын Елбасы  ашты. Жастарға бейнеүндеу жолдаған Тұңғыш Президент - Нұрсұлтан Назарбаев Алаш көсемі Ахмет Байтұрсыновтың өсиетін еске салды. Аумалы-төкпелі заманда елдің жүгін жауапкершілікпен көтеру үшін  білім мен ғылымға арқа сүйеу керек екенін  айтты.

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ, ҚР ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТІ – ЕЛБАСЫ:
 
Біз текті халықтың ұрпағымыз. Қанымызда қайсарлық, бойымызда батырлық, жүрегімізде жігер бар. Осы орайда Алаш қайраткерлерінің мына бір өсиеті ойыма оралып отыр. «Біз бай, білімді әрі күшті болуымыз керек. Бай болу үшін - кәсіп, білімді болу үшін - оқу керек. Ал күшті болу үшін - елдің бірлігі керек.  

Форумда ақпарат және қоғамдық даму министрі  тәуелсіздіктің 30 жылында жастар саясаты бойынша атқарылған жұмыстарға тоқталды. Ауыз толтырып айтар жетістік көп.   Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында соңғы  3 жылдың өзінде жұмысшы жастарға мемлекеттік бағдарлама аясында 9 мың пәтер берілген. Ал 2025 жылға дейін мемлекеттік бағдарламалар аясында 30 мың жасты, оның ішінде 10 мың ауыл жасын  жұмысқа тұрғызу жоспарланып отыр.

Аида БАЛАЕВА, ҚР АҚПАРАТ ЖӘНЕ ҚОҒАМДЫҚ ДАМУ МИНИСТРІ:

Біз биыл Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жастарды дамытудың қазақстандық индексті әдістемесін әзірледік. Келер жылдан бастап индекс шеңберінде барлық 17 өңірдегі жастар саясатының орындалуы бағаланады.


Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев та шараға қатысып, жастарға ізгі лебізін білдірді. Елбасы ұсынған «Елдіктің жеті тұғыры» атты тұжырымдаманың маңызына тоқталды

Мәулен ӘШІМБАЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:


Елбасымыз білім мен прагматизмнің елдің өсіп-өркендеуіндегі маңызды басымдықтар екенін айтты. Жастарымыз осы «Жеті тұғырды» терең түсініп, оларды ту етіп, елге қызмет етуі керек.


Форум аясында «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегерлері марапатталды.   Үздіктер әдеттегідей 10 номинация бойынша анықталған.

А. Базарбай