Ауа райы -
×
Негізгі / Жаңалықтар / Қызылжарда жаңа саябақ ішіндегі жол қар үстіне салынуда

Қызылжарда жаңа саябақ ішіндегі жол қар үстіне салынуда

Қызылжарда жаңа саябақ ішіндегі жүргіншілер жолы қар үстіне төселіп жатыр.  Қақаған аязда жол салған жұмысшылар тұрғындардың ашуын туғызды.   Олар жұмыстың сапасына күмәнмен қарайтынын айтып, әлеуметтік желіде жариялады.  Ал мердігер компания басшылығы,  жол салудың ерекше амалын тапқанын айтып, жұртты сабырға шақырып отыр. Жаңа саябақта шыққан шу туралы аймақтағы тілшіміз Абзал Құрманкин әңгімелейді.

Шұрыс тесік жол мен шіріген ағаштардан әбден мезі болған Брусиловский көшесінің тұрғындары бұл жерде жаңа саябақтың салынатынын естігенде билікке шексіз алғыс айтқан.  Алайда, олардың қуаныштары ұзаққа созылмады. Жазда басталған жұмыстың аяғы   сиырқұйымшақтанып кетті.  Ал енді   қар жауғанда жұмысшылар брусчатка төсеген.   

Владимир БУШТАРЕНКО, ПЕТРОПАВЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Жұмысшылар қарды күрекпен нығыздап, үстінен қатқан құмды төсегенін көрдім. Бізбен ешкім сөйлескісі келмейді. Сосын телефонға түсіріп, әлеуметтік желіге жібердік. Ал бүгін көше бойы тым тырыс. Жұмысқа ешкім шықпапты.


Максим КОМАРИНСКИЙ, ПЕТРОПАВЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:


Ертең мына жол ойлы-қырлы болып қалады. Сосын саябақта қалай серуендейміз? Бұл жұмысты қабылдауға болмайды!


Ал бас мердігер өздерінің құрылыс стандарттарына сай жұмыс істеп жатқандарын айтады.  Брусчатканың астына төселіп жатқан материал қыста қатпайды, дейді. Бірақ жұмыстың неге дер кезінде басталмағанына қатысты  ештеңе айтпады.
   
Аслан ГАЛИБАЕВ, МЕРДІГЕР  КОМПАНИЯ ӨКІЛІ:
 
Біз тендерді шілде айында ұтып алдық. Жұмысты неге кеш бастағанымызды айтпаймын. Бірақ себебі бар. Қазір біз қосымша шығынға батып жатырмыз. Мен құмды жазды күні 700 теңгеден алар едім. Ал қазір  брусчатканың астына тастың ұнтағын төсеуге мәжбүрмін. Ол алты есе қымбат.

Жаңа саябақтың құны -109 миллион теңге. Биыл шілде айында  басталған жұмыс келісім-шартқа сәйкес келер  жылдың аяғына дейін бітуі тиіс. Әкімдік өкілдерінің айтуынша, мердігер  құрылыс жұмыстарын коммуналды кәсіпорындардың кесірінен кеш бастаған.

Әсем АЙТУЛОВА, ПЕТРОПАВЛ ҚАЛАСЫ ТҮКШ БӨЛІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:


Шілде айында коммуналды желілерді жерасты желілеріне ауыстыру мәселесі туындаған болатын. Көптеген мекемелерден келісім алу мәселесі туындады. Біраз уақытқа созылып кетті. Сондықтан бұл жұмыстарды ендігі жылға ауыстыру шешімі қабылданды. Саябақ құрылысы толық аяқталғаннан кейін мердігер тарапынан екі жыл кепілдік беріледі. Егер сол уақыттың ішінде бір ақаулар шығатын болса, онда мердігер өз қаражатына барлығын қайтадан жасайтын болады.


Былтыр Береке шағын ауданында  да  жаңа саябақта  жаяу жүргіншілердің жолы қардың үстіне төселген. Артынша көктемде сапасыз салынған жол қопарылып, қайта  істелген болатын.

А. Құрманкин