$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Египетке тур сатып алғандардың ақшасы қайтарыла ма?

AstanaTV
30.11.2021ж. 20:00
1870
Египетке тур сатып алғандардың ақшасы қайтарыла ма?

Тағы да карантин. Коронавирустың аса қауіпті түрінің пайда болуына байланысты, елімізде шектеу шаралары күшейеді. Жұмадан бастап бірқатар мемлекет азаматтарының  Қазақстанға келуіне тыйым салынды. Ал "Омикрон" штаммы анықталған Египетке әуе қатынасы уақытша тоқтайды.  Туристік қауымдастықтың мәліметі бойынша Мысырда қазір 4 мыңнан астам қазақстандық бар. Олардың жайы енді не болмақ? Сондай-ақ алдағы күндерге демалыс  жоспарлағандардың мәселесі қалай шешіледі? Әріптесім Асылбек Данияр тарқатып айтады.

COVID-19-дың мутацияға ұшыраған "Омикрон" штаммы Қазақстан билігін де алаңдатып отыр. Індеттің бұл түрін ел аумағына таратпау үшін ведомствоаралық комиссия 3 желтоқсаннан бастап бірқатар шектеу енгізді. Вирустың жаңа формасы тараған елдерден келетін азаматтар вакцина салдырса да ПТР сынамасын тапсыруға міндетті. Бұдан бөлек...

Марат ШОРАНОВ, ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРІНІҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:

ПТР нәтижесіне қарамастан жеті күнге үй карантиніне оқшаулануы тиіс. Осыған орай, санитарлық-эпидемиологиялық комитеттің департаменттері шетелден келген азаматтар туралы  ақпаратты жергілікті атқарушы органдарға уақтылы беруді, ал әкімдіктері бұл тұлғаларды поликлиникалар деңгейінде қашықтан бақылауды қамтамасыз етуі қажет.

"Омикрон" штаммы елде анықталған жоқ. Десе де, науқастардан алынған сынамаларға секвенирлеу жұмыстары жүргізіліп жатыр, дейді Марат Шоранов. Оның нәтижесі желтоқсанның соңына таман белгілі болады. Сондай-ақ ол Египетке әуе қатынасы тоқтауына байланысты тиісті шаралар қабылданатынын жеткізді. Ал "Атамекен" Ұлттық Кәсіпкерлер палатасының өкілі Мысырға 20 мыңнан астам тур сатылғанын хабарлады.

Олжас ОРДАБАЕВ, ҚР "АТАМЕКЕН" ҰКП ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Клиенттер сапар кестесін өзгерте алады немесе эпидемиологиялық ахуалы тұрақты басқа елге билетін ауыстыра алады. Жауапты министрліктер мен "Туристік Қамқор" қорымен бірлесіп, қосымша бағыттарды ашу туралы ұсыныс әзірлеп жатырмыз. Келісілген елдерге рейс санын көбейту керек болады.


Үкіметтің бұл шешімі туристік агенттіктерге ұнай қоймады. Бірақ, көндігуден басқа амал жоқ. Тур сатумен айналысатын мекеме директорымен тілдестік. Айтуынша, қысқы демалысын Египетке жоспарлағандар көп. Қазір оларға хабарлап, жағдайды түсіндіріп жатырмыз дейді. Көбісі ақшаларын қайтаруды талап етіпті.

Шухрат НАСЫРОВ, ТУР ҰЙЫМДАСТЫРУ МЕКЕМЕСІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:

Жаңа штаммның анықталуына байланысты клиенттеріміз Египетке ғана емес,  басқа елдерге де барғысы келмейді. Өйткені, сол мемлекеттерде де осы жағдай қайталанама деп қорқып отыр. Туристік агенттіктер бізге ақшаны қайтарған соң, иелеріне жіберетін боламыз. Қазір бізде мұндай 100-ден астам адам бар.

Мысырға әуе қатынасы қашан ашылатыны белгісіз. Сапарлары басталмай жатып, аяқсыз қалған жолаушылар демалысын басқа елде өткізуіне болады. Оны ауыстыру ақысыз дейді мамандар. Ал ақшасын қайтарып алғысы келетіндер  3 ай күтуі тиіс.

Асылбек ДАНИЯР, ТІЛШІ:

Қазір Мысырда шамамен төрт мың қазақстандық турист бар. Оларды желтоқсанның алғашқы он күндігінде елге репортациялық рейстермен алып келу жоспарланып отыр.  

А. Данияр