Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

Павлодарлық шенділер 2 жылдан бері сот шешімін орындамай келеді

AstanaTV
30.11.2021ж. 20:00
1294
Павлодарлық шенділер 2 жылдан бері сот шешімін орындамай келеді


Шенділерге заң жоқ па? Павлодарда  шенеуніктер 2 жылдан бері сот шешімін орындамай келеді.  Салдарынан шағын дүкен кәріз жүйесіне қосылмай қалды. Сот шешімін уақытылы орындамағаны үшін қалалық құрылыс бөліміне айыппұл да салынған. Бірақ, әлі міз бағар емес. Амалы таусылған кәсіпкер арнамызға шағымданды. Тараптардың уәжін тыңдаған тілшіміз Өзгеріс Қуанардың бейнематериалы.

Кәсіпкер Сергей Ерохиннің дүкені осыдан 4 жыл бұрын кәріз жүйесінен ажыратылған. Бұған жаңа «Сарыарқа» шағын ауданының бой көтеруі себеп болыпты. Айналадағы ескі үйлерді бұзу кезінде дүкенді уақытша деп желіден ажыратқан. Алайда, шеніділер қайта қосуға келгенде сөз бұйдалыққа салынса керек.  Содан бері 3 жыл болды.  Күте-күте шаршаған кәсіпкер Павлодар әкімдігінің құрылыс бөлімін сотқа беріпті.

Сергей ЕРОХИН, КӘСІПКЕР:

Бөлім басшыларына жылда барамын, бас шұлғып шығарып салады. Қолымда соттың шешімі болса да оған мән берер емес. Қашан барсаң да бастықтары ауысып жатады. Жаңадан келгені қарастырамыз, дегеннен басқа ештеңе істемеді. Құрғақ уәдеге тойдырды.

Сот қала әкімдігіне кәріз жүйесін қосып беруді міндеттеген. Десе де, шенеуніктер сот шешіміне құлақ аспай отырған көрінеді.   

Мүбәрак ЖАҚЫПОВ, ӨҢІРЛІК КӘСІПКЕРЛЕР ПАЛАТАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:

Заң бойынша бірінші рет сот шешімі орындалмаған кезде әкімшілік құқықбұзушылық кодексі бойынша жаңағы жергілікті атқарушы орган жазаға тартылды. Ол айыппұл салынды. Бірақ та екінші рет орындамаған кезде ол қылмыстық құқықбұзушылық болып саналады.

Шенділер сонда да міз  бағар емес. Дәл қазір сот шешімін орындай алмайтындарын ашық айтып отыр.

Асқар АЖМҰРАТ, ПАВЛОДАР ҚАЛАЛЫҚ ҚҰРЫЛЫС БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:

Өйткені, жоба жасалған да жоқ. Жобалық сметалық құжаттамасын жасату үшін Шымкент қаласының бір фирмасымен келісім шарт жасастық. Олар құжатты әзірлеген соң, қалалық бюджетке ұсынатын боламыз.  

Мемлекеттік мекеме басшысының басқа айтары жоқ. Заңға бағынбаған атқамінерлердің үстінен қылмыстық іс қозғалды.

Ө. Қуанар