$484.11 €528.79 ₽5.03
×

Петропавлдағы жуырда ашылған әуежай қайтадан жабылып қалуы мүмкін

AstanaTV
02.12.2021ж. 20:00
1974
Петропавлдағы жуырда ашылған әуежай қайтадан жабылып қалуы мүмкін

Қызылжарда енді ғана есін жиып келе жатқан қаланың әуежайы қайтадан жабылып қалуы мүмкін. Қазақстанның авиациялық әкімшілігі Петропавлдың әуе вокзалын тексеріп, бірқатар олқылықтарды анықтаған. Енді қаз-қатар тізілген кемшіліктерді аталған мекеме желтоқсанның онына дейін жоюы тиіс. Әйтпесе, әуежай сертификатсыз қалмақ. Мәселенің мән-жайын аймақтағы тілшіміз Абзал Құрманкин анықтап көрді.

Түркия азаматы Шахин Сарысой Қызылжарда қоғамдық тамақтану саласында кәсібін дөңгелетіп жүр. Кәсіпкер жұмыс барысында жиі сапарға шығып отыратынын айтады. Әуе рейстері тоқтайды дегенді естігелі маза қашқан.

Шахин САРЫСОЙ, КӘСІПКЕР:

Қаладағы әуе компанияларында билет алайын десем ешкім сатпайды. Содан мәселені білу үшін әуежайға келіп тұрмын. Билет алайын дегенмін. Ешкім ештеңені түсіндірмей отыр.

Петропавлдың әуежайын саралаған авиациялық әкімшілік бірқатар кемшілікті әшкере қылды. Мәселен, мекемеде жылу жүйесі осал. Үш қазандықтың біреуі ғана қосылғандықтан, әуежайдың іші азынап тұр. Бұдан бөлек, жанармайды сақтайтын қойма әбден ескіріп, жаңартуды қажет етеді. Сондай-ақ, кадр тапшылығы мәселесі де жоқ емес.

Уәлихан ЖЕЛІСБАЕВ, «QYZYLJAR» ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ӘУЕЖАЙЫ» ЖШС ДИРЕКТОРЫ:

Бізге аэродром жұмысшылары керек. Қазақстанның жоғары оқу орындарында мұндай мамандар даярланбайды. Тек курстар ғана бар. Әуежайды жұмыс істеу үшін олардың еңбек өтілі кемінде үш жыл болуы тиіс. Қазір кадр мәселесін шешу үшін біз өзге әуежайлармен келіссөз жүргізіп жатырмыз. Бізге екі маманды жіберуі керек.

Бүгінде Петропавлдың әуежайынан ұшақтар Қазақстанның үш аймағына қатынап жүр: Нұр-Сұлтан, Алматы мен Түркістан қалаларына. Желтоқсаннан бастап Ресейдің Омбы қаласына жаңа рейс ашылады деп жоспарланған болатын. Алайда, көрші елдің авиакомпаниялары жуырда бұл жоспардан айнып қалды. Құзырлы орган өкілдері авиациялық әкімшілік тізіп берген кемшіліктерді дер кезінде жоятынына сенімді.

Мақсат БАЯХМЕТ, СҚО ЖОЛАУШЫЛАР ТАСЫМАЛЫ ЖӘНЕ АВТОМОБИЛЬ ЖОЛДАРЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Билеттер сатуды тоқтатқан жоқпыз. рейстер қалыпты режимде іске асырылады. Бізде желтоқсанның 10-ны дейін уақыт бар. Қазір олқылықтарды жою мәселесі қолға алынды.


Абзал ҚҰРМАНКИН, ТІЛШІ:

Айта кету керек, Петропавлдың әуежайы былтыр қаржылық қысылтаяңға тап болып, уақытша жабылған-ды. Әуежайға жауап берген компания банкроттыққа ұшырады. Ал қазір әуежай толық жергілікті әкімдіктің меншігіне өтіп, мекемеге қайтадан қан жүгіргені осы еді. Алайда жабылып қалмасына ешкім кепіл бола алмай отыр.

А. Құрманкин