Спорт Қазақстан
$439.43 €473.31 ₽4.82
×

Түркияда алты адам дүлей дауылдың құрбаны болды

AstanaTV
02.12.2021ж. 20:00
2211
Түркияда алты адам дүлей дауылдың құрбаны болды

Түркиядағы дүлей дауылдың салдарынан 38 адам түрлі дене жарақатын алып, 6-уы қаза тапты. Екпіні қатты желден  Босфор бұғазындағы кемелер қозғалысы тоқтатылып, әуе қатынасы бұзылған болатын. Бірнеше ғимараттар мен ағаштар қирап, электр желілері зақымданды. Жергілікті билік табиғаттың тосын мінезінен келген шығынды есептеуге кірісті.

Стамбулдағы желдің жылдамдығы сағатына 130 шақырымға жеткен. Дүлей дауыл салдарынан кеден бекетіндегі сағат мұнарасы құлап, бірқатар үйдің шатыры ұшты. Тіпті қалааралық жолда жүк көліктері аударылып қалды. Осыдан соң көлік қатынасына шектеу қойылды. Мармара мен Эгей теңізіндегі кеме қатынасы түгел тоқтады. Босфор бұғазынан мотоциклмен өткен тұрғын әлеуметтік желіде қала тұрғындарына қауіп бар екенін ескертті.

ТҰРҒЫН:


Мотоцикл мінетін адамдар, Босфор көпірінен өтіп шықтым, жел бар, көпірге көтерілу үшін бірталай күш жұмсадым. Қорқынышты, абай болыңыздар.


ТҰРҒЫН:


Авкөлік тұратын тұраққа қарама-қарсы ғимараттың шатыры құлады. Құдайға шүкір, адам шығыны жоқ. Бірақ жүк көлігінің артқы жағын басып қалған.


Түркиядағы отандастарымыздың айтуынша, табиғат бұрын-соңды мұндай мінез көрсетпеген. Екпіні қатты желмен бірге жауын-шашын болды дейді.

Алмагүл НҰРСАПАНОВА, ТҮРКИЯДАҒЫ ҚАЗАҚ:

Жаңбыр толастамай жауды, таңертеңнен кешке дейін, ертеңгі күн салқын болды. Бір күн қатты жел болды. Күнде теңіздің жағасымен өтетінмін, ол жердегі вопорларды жүргізбей тастапты. Мектептерге балалар бармады, оқу тоқтатылды.

Ал, метеорология мамандары, табиғаттың тосын мінезін түсіндіріп бере алар емес. Дегенмен дүлей дауыл тағы қайталануы мүмкін екенін мәлімдеді.  
Юсуф ЗИЯ ЯВУЗ, МЕТЕОРОЛОГ:

Бұл белгілі бір кезеңмен жалғасуы мүмкін оқиға. Біздің азаматтар ескерту жасаған күндері сақтық шараларын қабылдауы керек.  Есіктер мен терезелерді жабу қажет. Көліктерді шатырдың астына қоюға болмайды. Пеш жағатын азаматтарға оңтүстік-батыстан соққан күшті дауыл салдарынан, уланудан сақ болуды ескертеміз.


Ресми мәліметтерге сүйенсек, қатты дауыл 33 тұрғын үйдің шатырын жұлып әкеткен. 195 ағаш тамырымен опырылып, 52 бағдаршам қирап қалған. Қазіргі таңда, жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Ә. Дүкембаева