Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

Атырауда тұрмыстық қалдықтар бір аптадан бері жиналмаған

AstanaTV
17.06.2016ж. 20:00
3148
Атырауда тұрмыстық қалдықтар бір аптадан бері жиналмаған

Атырауда антисанитария. Мұнайлы өңір орталығы қоқыс астында қалды. Қалада тұрмыстық қалдықтар бір аптадан бері жиналмаған. Аулалар иістеніп, тұрғындар есік алдына демалудан қалғандарын айтады. Қалада қоқыс неге жиналмай жатыр? Базаргүл Нәдірқызы анықтады.

Бұл  тұрмыстық қалдықтар жинайтын алаң емес. Ауладағы жай қоқыс жәшіктер тұратын аумақ. Бірнеше күннен бері қала сыртына шығарылмағандықтан, үйіндіге айналған. Авангард мөлтекауданының тұрғыны Зоя Ғұбашева, қолқаны қабатын жағымсыз иістен аулаға шығып серуендемек түгілі, терезені ашу мүмкін емес, дейді.

Зоя Ғұбашева, Атырау қаласының тұрғыны:

Уақ балалаларымыздың барлығы мусордың сасығын иіскеп отырмыз. Кісі басынан 120 теңгеден ақша төлейміз, ешқандай қарыз жоқ. Ол ақшаны қайда жіберіп жатыр спецавтобаза? Мысалы, менде 7 кісі пропискада, 840 айына ақша төлеймін. Сұрасаң, бірде ақша жоқ дейді, бірде ақша бермей жатыр дейді. Спичка жіберсе, өрт болады.

Марфуға Дүйсекенова, Атырау қаласының тұрғыны:

Қазір қоқыстан өте жағымсыз иіс шығады, көшеге шығу мүмкін емес. Мен санитарлық-эпидемиологиялық бекетке телефон шалдым, олар арыз жазыңыз, прокуратураға жолдаймыз, деді.

Мөлтекауданға қарасты пәтер иелері кооперативінің тазалықшысы да ауладағы қоқысты қайда апарарын білмейді. Осыдан бір апта бұрын келген қоқыс таситындар, «жалақымызды бермейінше, жұмысқа шықпаймыз» деп кеткен дейді.

Нұржамал Құсанова,  ПИК тазалықшысы:

Ақшасын бермегесін, алмай тұр ғой мына жігіттер, шөпірі бәрі. Істейтін жігіттері ақша бермейді, біздер не үшін жүрміз, алмаймыз, дейді.  

Бірақ қаланың бас тазалықшысы мұны жоққа шығарды. Оның айтуынша, мекемеде 200-дей жұмыс күші жетіспейді. 

Мұратбек Маханов, «Арнаулы автобаза» КМК директоры:

«Жалақы бермей жатыр» деген  өтірік. Бізде жол жұмысшылары жоқ. Халық келмейді. Бізде бос жұмыс орны  бар. Айлық жалақысы  60 мыңнан 120 мың  теңгеге дейін. Келсе, жұмысқа аламыз.

Дегенмен Атыраудағы анитисанитариялық жағдайды әр ауладан көруге болады. Қаладағы барлық дерлік көшелер мен қала маңындағы ауылдардағы жағдай осындай. Ал «Арнаулы автобаза» басшысы бұл жағдайға жеткізген  тұрғындардың өздері,- дейді.

Мұратбек Маханов, «Арнаулы автобаза» КМК директоры:

Ақпан айында қатты жауын болды. Сол кезде суға кеткен үйлер, сарайлар мен гараждардың құрылыс, тұрмыстық қалдықтарын, мәселен, тоңазытқыштарын, шіріген едендерін қоқыс жәшігінің қасына әкеп тастайды. Негізі олар қала сыртындағы қоқыс алаңына өздері апару керек. Арнаулы автобаза мекемесі  тұрмыстық қатты қалдықтарды ғана тасиды. Ол үшін айына адам басына 120 теңге  алады. Тек сондықтан  үлгермей жатырмыз. Менің ойымша, 1 аптада қалпына келеді.

Базаргүл Нәдірқызы, тілші:

Атырауда күніне 1700 текше метр қоқыс шығарылады. Ал бір аптадан бері тұрмыстық қалдықтардың тазаланбағанын ескерсек, тазалықшылардың қаланы қалпына келтіру үшін, біраз күн тынымсыз еңбек етуге тура келеді.

Базаргүл НӘДІРҚЫЗЫ