Спорт Қазақстан
$443.44 €480.51 ₽4.88
×

Шымкентке қалындығын әкетуге келген қостанайлық жігітті полиция өлтіріп алғаны ма?

AstanaTV
09.12.2021ж. 20:00
2756
Шымкентке қалындығын әкетуге келген қостанайлық жігітті полиция өлтіріп алғаны ма?

Шымкентке қалындығын әкетуге келген қостанайлық жігітті полиция өлтіріп алған. Қара жамылған әке осылай деді. Полиция департаменті ғимаратына екі аяғымен келген 31 жастағы жігіттің мәйіті шықты. Марқұм қымбат маркалы автокөлік ұрлады деген күдікпен ұсталған. Құқық қорғаушылардың мәліметінше атпалдай азамат өзін кенеттен жайсыз сезінгенін айтады. Алайда спортпен шұғылданатын ұлының өмірі ауырмағанын алға тартқан әкесі бұл жерде бір шикілік бар деп отыр. Шынтуайтында не болуы мүмкін? Әріптесім Айзада Төребекқызы анықтауға тырысты.

Полиция департаментінде қайтыс болған Нұрболат Жұмабаевтың әкесі мәйітханаға кіріп шыққан соң күдігінің  расталғанын айтады. Мәйіттің сау тамтығы жоқ деген ол, баласын полицийлер ұрып өлтіргеніне сенімді.   

Ерқара ЖҰМАБАЕВ, МАРҚҰМНЫҢ ӘКЕСІ:


Екі құлағының асты, мойыны, мына желкесі арқа белі түгел, бүйрек тұстары түгел қарайып кеткен ғой. Сау тамтығы жоқ. Ол өзінен өзі көгермейді ғой. Енді жаңа айтып жатыр ғой қайтқаннан кейін сондай пятналар шығады деп. Оған ұқсамайды да бұл. Кәдімгі қарайып кеткен ғой көгерген, солар ұрып өлтіріп отыр ғой.

Ерқара Жұмабаев -Қостанай өңірінің тұрғыны. Айтуынша, 31 жастағы ұлы Шымкентке қалыңдығын алып кетуге келіпті. Қасында досы болған. 17-желтоқсан күніне беташар тойын жасағалы отыр едік,- дейді көкірегі қарс айрылған әкесі. Ал полицейлер ұстап әкеткенде ұлымен бейнеқоңырау арқылы сөйлесіп тұрғанын айтты. Жанындағы досын қоса қамаған. Арада санаулы сағат өткенде, "кенеттен қайтыс болды" деген суыт хабар келген.  

Талғат ЕСІМОВ, АДВОКАТ:


Ол жігітті күндізгі 12 де ұстап әкетсе, сағат бестерде  қайтыс болыпты. Демек үш сағаттан артық ұстағаны. Тіпті менің түсінгенім оны тергеушіге де жеткізбеген сияқты. Адвокат болмаған жанында. Егер олар қандайда бір қылмысқа күдікті болатын болса жедел уәкілдің міндеті сезіктіні ұстап, тергеушіге жеткізу. Ал бұлар құдды ұйымдасқан топтың мүшесін ұстағандай алып кеткен. Біз бұл істі соңына дейін жеткіземіз.


Полиция департаментіндегілердің дерегінше, қостанайлық екі дос қала аумағында бірнеше қымбат шетел автокөлігін айдап кету қылмысы бойынша күдікті ретінде ұсталыпты. Алайда, жауап алу барысында бірден өзін нашар сезінгенін айтады. Жедел жәрдем жеткенше ес-түсін жоғалтқан деді қаланың бас полицейі. Ералы Жұмаханбетов қайтыс болған күдіктінің департамент ғимаратында екі сағаттай уақыт қана болғанын көлденең тартты.  

Ералы ЖҰМАХАНБЕТОВ, ШЫМКЕНТ қ. ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСТЫҒЫ:

Тергеуші бәрі қатысқан. Оған дейін алдында ұстау кезінде өздеріңізге белгілі, ол жерде видео запись бәрі бар. Ол жерде автокөлік болған. Ол қаланың ішінде ұсталған. Сол жерде алғашқы тексеру амалдары бәрі тергеу амалдары жүргізілген. Ол жерде айғақты заттар алынған.   


Алайда, көлік ұрлығына күдіктенулері бекер болғанға ұқсайды. Марқұммен бірге полиция бөліміне жеткізіліп, бірәз соққы алған Сергей Петровта  істемеген қылмысты мойнымызға ілмек болды деді.

Сергей ПЕТРОВ, ҚОСТАНАЙ ОБЛЫСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Басымды күртешеммен бүркеп тастады. Басымнан бірнеше рет соққы берді. Екі  полиция өкілі маған «мойныңа ал, қол қой»,- деді. Неге мен өзім істемеген қылмысты мойныма алуым керек деп келіспедім. Өзімді тергеушімен тілдестірген де жоқ.Әбден ұрды. Миым шайқалып, қазір басым ауырып тұр. Ал менің досымның жүрегі тоқтап қалуы мүмкін емес. Оны да мен сияқты ұрғанына сенімдімін. Соққы қатты тиген болуы мүмкін.

Ал ұлынан айрылған Ерқара Жұмабаев кінәсін жасырғысы келген полиция қызметкерлерінің қайсыбірі тіпті ауызбастырық ұсынғандай әрекет жасап жатқанын жеткізді. Ол тіпті бұл жақтың сараптамасына сенбейтінін айтты. Енді тәуелсіз сарапшыларды жалдамақшы.

А. Төребекқызы