Ауа райы -
Негізгі / Жаңалықтар / 400-ге жуық түлектің дипломы жарамсыз болып қалды

400-ге жуық түлектің дипломы жарамсыз болып қалды

Қызылордадағы Ақмешіт гуманитарлық-техникалық институтын бітірген 400-ге жуық түлектің дипломы жарамсыз болып қалды. Ғылым және білім министрлігі оқу орнын "талаптарға сай емес" деп лицензиясынан айырған. Ал студенттердің басым бөлігі ақылы түрде білім алғандарын айтып, қынжылуда.  Енді олар не істейді ? Құзырлы орын өкілдері не дейді? Ақбота Базарбайдың бейнематериалы.  

Институт түлектері оқу ордасының басшылығына ашулы. Қанша жыл уақытымыз бен қаражатымызды жарамсыз дипломға зая кетірдік деп күйінуде. Соның салдарынан  оларды ешкім жұмысқа алмайтын көрінеді.   Нұргүл Жапарованың айтуынша, осы мәселені шеше алмай жүргендеріне   жарты жылға  жуықтаған.  

Нұргүл ЖАППАРОВА, АҚМЕШІТ ГУМАНИТАРЛЫҚ- ТЕХНИКАЛЫҚ ИНСТИТУТЫНЫҢ ТҮЛЕГІ:


Ректорларына бардық. Бірақ жауап бермейді дұрыстап. Дипломдарымызды тездетіп жарамды етіп берулеріңізді сұраймыз. Жұмысқа тұра алмай жүрміз.

Ғылым және білім министрлігі оқу орнын техникалық базасы жарамсыз деп лицензиясынан айырған. Онымен қоса оқытушылардың білімі де талапқа  сай келмеген көрінеді.  Ал институт басшылығы, бұл бойынша министрлікті сотта жеңіп, лицензиямызды қайтарып алдық дейді. Айтуларынша, сәйкестендіру коды жазылмағандықтан, институт табыстаған диплом жарамсыз деп танылған. Бұл мәселені шешуге министрлік асықпай отыр дейді  институт басшысы.  

Ерлан ШЫНБЕРГЕНОВ, АҚМЕШІТ ГУМАНИТАРЛЫҚ-ТЕХНИКАЛЫҚ ИНСТИТУТЫНЫҢ РЕКТОРЫ:

Барлық жасалып отырған іс-әрекеттер, білім алушылардың да дипломының жарамдылығы сотпен дәлелденіп тұр. Енді Білім және ғылым министрлігі жеке сәйкестендіру кодын беріп, дипломдарды сәйкестендіруі тиіс. Сот шешімі шығып тұр. Енді біз комитетті күтіп отырмыз.

Ал министрлік институт басшысының сөзін жоққа шығарып отыр. Айтуларынша, лицензия мәселесі  сотта әлі қаралып жатыр.

Гүлзат КӨБЕНОВА, ҚР БҒМ САПАНЫ ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ КОМИТЕТІНІҢ ТӨРАЙЫМЫ:
 
Егер дипломдарыңыз жарамды болсын десеңіз, басқа жоғары оқу орнына барып, сол жерге өтініш білдіруге болады. Сол жерге студенттер қатарына қосылып, сол жерден оқуды аяқтап дипломдарыңызды жарамды қылуға болады.

Қазір оқу орнында 600-ден аса студент білім алуда. Оларға қатысты проблема жоқ. Ал бұған дейін 400-дей түлекке берілген Ақмешіт институтының дипломы жарамсыз болып қала береді дейді министрлік өкілі.

А. Базарбай