Ауа райы -
Негізгі / Жаңалықтар / Президент әр саланың үздіктеріне мемлекеттік наградалар мен сыйлықтарды табыстады

Президент әр саланың үздіктеріне мемлекеттік наградалар мен сыйлықтарды табыстады

Тәуелсіздік күні қарсаңында Президент әр саланың үздіктеріне мемлекеттік наградалар мен сыйлықтарды табыстады. Марапатталғандардың арасында Қазақстанның Халық әртістері, ғалымдар, жазушылар және шопан да бар. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, бұл азаматтардың  барлығы өмірін елге қызмет етуге арнаған. Толығырақ әріптесім Асылбек Даниярдың материалында.

Күнсұлу Закарья бұған дейін де талай матараптқа ие болған. Бірақ бүгінгінің маңызы да салмағы да  ерекше. Коронавирусқа қарсы  отандық "QazVac" вакцинасын әзірлеуші, Биологиялық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу институтының бас директорына әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы мемлекеттік сыйлық  табысталды. Ғалымның айтуынша, бұл ең алдымен дәрігерлердің осы кезеңдегі қажырлы еңбегінің бағаланғаны.

Күнсұлу ЗАКАРЬЯ, ҚР БҒМ БИОЛОГИЯЛЫҚ ҚАУІПСІЗДІК МӘСЕЛЕЛЕРІ ЖӨНІНДЕГІ ҒЫЛЫМИ-ЗЕРТТЕУ ИНСТИТУТЫНЫҢ БАС ДИРЕКТОРЫ:

Биологиялық қауіпсіздік проблемаларын ғылыми зерттеу институтының 7 үздік ғалымы бүгінгі күні  "мемлекеттік сыйлық" иегерлері атанды. Бұл үлкен ауқымды ауыр жұмысты ғалымдар мен қызметкерлер көтерген. Ол  200-ден астам қызметкерлер соларға алғысымыз шексіз.


Қауіпті індетпен күресте алдыңғы шепте жүрген  ақ халаттылар да құрмет-қошеметке бөленді. Соның бірі - елордадағы көпбейінді медицина орталығының директоры Мұхтар Төлеутаев. Онколог дәрігерге "Қазақстанның Еңбек Ері" атағы берілді. Емдеу мекемесінің ұжымы пандемия кезінде 15 мыңнан аса адамды дерттен айықтырып,  аяққа тұрғызған.

Мұхтар ТӨЛЕУТАЕВ, НҰР-СҰЛТАН қ. КӨПБЕЙІНДІ МЕДИЦИНАЛЫҚ ОРТАЛЫҚТЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

Бұл өткен жылдан бастап бүгінгі күнге дейін коронавирус инфекциясының зардабымен күресуде аянбай еңбек етіп келе жатқан әріптестеріме алғыс айтамын. Бұл ұжымның еңбегінің жемісі деп есептеймін.

Марапатқа ие болғандардың арасында еңбек жолын енді бастағандар да бар. Бұл жерге жиналған әртүрлі буын өкілдерін бір мақсат біріктіреді. Ол-Қазақстанның игілігі үшін еңбек аянбай еңбек ету.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Ел азаматтарының басым көпшілігі жасампаз еңбектері арқылы қуатты да озық мемлекет құруға зор үлес қосуда. Бүгін сіздерді марапаттай отырып, Қазақстанның гүлденуіне үлес қосқандардың барлығына алғысымызды білдіремін. Сіздер шынайы патриотизмнің, жоғары кәсібилік пен жанқиярлық еңбектің жарқын үлгісін көрсеттіңіздер. Өскелең ұрпақ сіздерге қарап бой түзейді.

Мемлекет және қоғам қайраткерлері – Нұртай Әбіқаев, Қуаныш Сұлтанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Дариға Назарбаева және белгілі ғалым Тілектес Есболов бірінші дәрежелі «Барыс» орденімен марапатталды. Жалпы 17 номинация бойынша  64 адам мемлекеттік сыйлыққа ие болды.

А. Данияр