Спорт Қазақстан
$446.49 €475.38 ₽4.79
×

Қызылорда облысындағы шалғай жатқан төрт ауылға бір дәрігер қызмет етеді

AstanaTV
17.06.2016ж. 20:00
3247
Қызылорда облысындағы шалғай жатқан төрт ауылға бір дәрігер қызмет етеді

Қызылорда облысындағы Қармақшы ауданына қарасты шалғай жатқан төрт ауылға бір аурухана, жалғыз дәрігер. Әмбебап дәрігерлікке машықтанған Байзақ Жәнібековтің есімі облысқа танымал. Үш мыңға жуық тұрғын жалғыз аурухана да жабылып қала ма деп алаңдайды. Сегіз қырлы бір сырлы дәрігермен тілдескен Шарипа Сақтапованың репортажы.

Бас ауырса, балтыр сыздаса, тіпті көңіл-күй болмаса да, ауыл халқы дәрігер Байзақты іздейді. Ол төрт бірдей ауылдың, яғни 3 мыңға жуық тұрғынның денсаулығына жауапты. Десе де, басқа ауылдан келетіндерде аз емес. Солардың бірі - 100 шақырым жерден келген Зере Алпысбаева.

Зере Алпысбаева, Алдашбай-Ахун ауылының тұрғыны:

Аяғым жүргізбей қойды бір аптадан бері. Свет, массаж, укол қабылдап жатқаным. Қазір жүріп жүрмін, далаға шығамын. Еңбектеп келгенмін, жүре алмай.

Байзақ Жәнібековтің дәрігерлік тәжірбиесі 40 жылға жуықтаған. Еңбек жолында жедел ота жасап, толғағы жеткен әйелдерді де босандырған кездері болған. 2010 жылдан бері дәл осылай әмбебап дәрігерлік қызметті атқарып келеді. Осыдан 27 жыл бұрын салынған мына ауруханада бүгінгі күні тек 10 төсек орын қалған. Күндізгі стоционар да бар.

Байзақ Жәнібеков, Көмекбаев ауылындағы аурухананың бас дәрігері:

Ауылдың алыстығына байланысты - 250 шақырым аудан орталығына дейін - соған байланысты біз УЗИ аппарат алсақ деген. Сосын енді ЭКГ аппараты керек, кәдімгі соңғы шығып жатқандар керек. Бір дәрігер керек, бір адамға қиындау екен.

Шағын аурухана күрделі жөндеуді де қажет етеді. Жылу жүйесі 11 жыл бұрын ауыстырылыпты. Содан бері қисық шеге қағылмаған. Алайда жұртты мазалап отырған мәселе ол емес. Олар, емдеу орны мүлдем жабылып қалмаса екен, дейді. 

Әбен Нұрғалиев, Жосалы кентінің тұрғыны:

Осыншама елдің ортасында осындай жалғыз мекемеміз жабылып қалады ма деген үрей бар. Жабылып қалса, біз қайда барамыз? Бұл халық қайда барады? Біз мынау Қызылордаға жету үшін, 250 шақырым, ия сау барады, ия өліп барады ауыр науқастар.

Аудандағы аурухана басшылары ауылдағы емхананың жабылу қаупі бар екенін мойындайды. Өйткені аймақта оңтайландыру жұмыстары қолға алынған. 

Жоламан Ізмаханов, Қармақшы аудандық орталық аурухананың бөлім басшысы:

Бұл ең шеткі ауыл болғандықтан және 4 ауылды қамтитын болғаннан кейін, бұл аурухананы жаппау керек. Керісінше, кеңейту керек деп отырмын мен. Өйткені бұған сұраныс көп болып жатыр қазір. Сондықтан осыны сақтап қалуымыз керек боп тұр, қалдыру керек. Енді денсаулық сақтау министрлігінің құзыретінде.

Тұрғындар Астанаға өтініш хаттарын да жолдап қойыпты. 

Шарипа САҚТАПОВА