Қазақстанға "Pfizer" вакцинасы енді әкелінбеуі мүмкін. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігінің өкілі айтты. Сөзінше, дүниежүзінде екпе тапшылығы басталған. Дегенмен, препараттарды сатып алу үшін келісімшарттарды тоқтатпаймыз, дейді. Есесіне, жақын күндері ресейдің су жаңа "Sputnik Лайт" препараты жеткізіледі. Сондай-ақ, тағы бір жаңалық- екпе алмағандар, дәлірек айтқанда "Ashyq-та" көк мәртебесі бар адамдар үшін бірқатар шектеу енгізілмек. Тақырыпты әріптесім Асылбек Данияр жалғастырады.
"Көк" статусыңыз болса, сіз үшін біраз мекеменің есігі жабық болады. Елдің бас дәрігерінің міндетін атқарушы Жандос Бүркітбаев эпид жағдайды нашарлатып алмау үшін осындай талап енгізу керек, дейді. Шенеуніктің ұсынысы бойынша жаңа ереже келер жылдың 5- қаңтарынан басталады.
Жандос БҮРКІТБАЕВ, ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРІНІҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ:
Сауда-ойын-сауық орталықтарына, сауда үйлеріне; спорттық орталықтары мен фитнес-орталықтарға, йога-орталықтарына; караоке; бассейн; сауналарға, моншаларға; «Қазпошта» бөлімшелеріне; Халыққа қызмет көрсету орталықтарына «ASHYQ» қосымшасымен жасыл статусы бар адамдардың кіруіне рұқсат беру жөнінде қосымша профилактика шараларын енгізуді ұсынамыз.
Сабаққа дайындалмай келген оқушыға ұқсап тұрған уақытша министрдің бұлай сасып қалуына себеп те жоқ емес. Бұған дейін ол санитарлық-эпидемологиялық жағдайларға жауапты болмаған көрінеді. Бұл жолы да журналистердің сұрақтарына тағы да Айжан Есмағамбетова жауап берді. Оның айтуынша, енгізілетін шектеу адам құқығын таптауға жатпайды.
Айжан ЕСМАҒАМБЕТОВА, ҚР ДСМ САНИТАРЛЫҚ-ЭПИДЕМИОЛОГИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ КОМИТЕТІНІҢ ТӨРАЙЫМЫ:
Жоқ, мен мұны адам құқығын бұзу деп санамаймын. Өйткені сіздің де мен сияқты денсаулыққа құқығыңыз бар. Екі адамның құқығы тоғысқан кезде қауіпсіздікке бағытталған құқықтар басым болады. Бұл- қауіпсіздікті қамтамасыз ету және халықтың денсаулығын сақтаудың жалғыз жолы.
Бірақ тұрғындар бұл шектеуді ақылға қонымсыз деп санайды. Вакцина салдырғаны да, салдырмағаны да осы пікірде.
БЛИЦ:
- "Көк" статустар қалай сонда тамақ алады? Қалай банкке барады мысалы? Кредит төлеу керек көбісіне. Мен қалай айтатынымды да білмеймін.
- Әр адамның қалауы ғой қойдыра ма, қойдырмайды ма. Мен мысалы қойдырғым келмейді вакцина. Кірмеймін енді не істеймін.
- Шынымды айтсам, кіргізу-кіргізбеу деген адамдарды алалау ғой. Бұл нәрсе қатты ұнай қоймайды. Екпеге қарсы емеспін, бірақ осындай шектеулерге қарсымын.
Дүниежүзінде эпидахуал нашарлап барады. Қазірдің өзінде әлемнің 110 елінде коронавирустың "омикрон" штамы анықталған. Ғалымдардың пайымынша, алдағы бір-екі айдың шамасында қауіпті вирус барлық мемлекетке тарайды. Оған қарсы тұратын иммунитет қалыптастыру үшін жаппай ревакцинация жүргізуді тездету қажет, дейді үкімет басшысы.
Асқар МАМИН, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:
Жаппай ревакцинациялау бойынша жұмысты күшейту керек. Келесі жылдың бірінші жартыжылдығында шамамен 9 миллион адам ревакцинациялаудан өту керек.
Ел бойынша коронавирусқа қарсы вакцинаны 11 айдың ішінде 9 миллионға жетер-жетпес адам салдырды. Бұл қарқынмен премьер-министрдің тапсырмасы айтылған уақытта орындалады ма деген заңды сауал туындайды. Айтпақшы, ведомствоаралық комиссия жыл соңына дейін 11 миллионнан аса тұрғын екпе алу керек деп еді. Ол жоспардың да орындалғаны шамалы.
А. Данияр