Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

Қызылжарда соңғы екі айдың ішінде жылу жүйелері 78 рет жарылған

AstanaTV
21.06.2016ж. 20:00
1615
Қызылжарда соңғы екі айдың ішінде жылу жүйелері 78 рет жарылған

Қызылжарда жылу жүйесі жарылып, су тұрғын үйдегі пәтерлерге кірген. Тұрғындар, коммуналдық қызмет өкілдері жедел жете қоймады, осының салдарынан дүние-мүлкіміз жарамсыз болып қалды, дейді. Соңғы кезде Петропавлда жылу жүйелерінің апаты жиілеп кетті. Екі айдың ішінде құбырлар 78 рет жарылған. Аймақтағы әріптесім Абзал Құрманкин төтенше жағдайдан зардап шеккен бұқарамен тілдесіп қайтты. 

Оқиға кеше кешқұрым болды. Мына кадрларды куәгерлер түсіріп алған. Табан астынан жылу жүйесі құбырынан су атқылаған. Коммуналдық компаниялар келгенше, баспаналар белшесінен суға батыпты. Бұқараның дүние-мүлкі дымқыл тартып, кейбірі жарамсыз болып қалды. Ал тұрғын үйдің жертөлесі әлі де суға толып тұр.

Надежда Симонова, Петропавл қаласының тұрғыны:

Айғай-шуды естіп, кіреберіске шықсам, су атқылап жатыр. Тұрғын үйден шығу мүмкін болмады. Артынша энергетиктер суды тоқтатып, суды сорып алды. Бірақ істі тиянақты істеп кетпеді.

Дәл осыған ұқсас жағдай өткен аптада да болған еді. Ол кезде Пушкин көшесіне ыстық су жайылды. Айналадағы бау-бақша жарамсыз болып қалған. Зейнеткер Людмила Краснолуцкая «еңбегім зая кетті», деп сан соғып отыр.

Людмила Краснолуцкая, Петропавл қаласының тұрғыны:

Әйнектен қараған кезде алдымен даланы тұман басты деп ойладым. Кейін далаға шәркеймен шығып, аяғымды күйдіріп алдым. Ауламды ыстық су басып кетіпті. Коммуналдық компания суды 2 сағаттан соң ғана өшірді. Бүкіл еккен көкөністерім өліп қалды.

Петропавл жылу жүйелері компаниясының басшысы бүкіл проблемаларды гидравликалық сынмен түсіндіреді. Қысты күні апаттар болмас үшін олар жаз айында құбырларға қосымша қысым беріп, осал тұстарын анықтайды. Соңғы екі айда Петропавлда 78 апат тіркеліпті.

Абзал Құрманкин, тілші:

Шектен асқан қысымға жылу жүйелерінің мына жері де шыдас бермеді. Ескіні жөндеп есі кеткен энергектиктер қазір мына 250 метрлік аралыққа су жаңа құбырлар тартуда. Олар бұл жобаны алдағы үш аптада бітірмек. Айта кету керек, күрделі жөндеу жұмыстарына байланысты қазір қаладағы 50-ге жуық тұрғын үй ыстық сусыз отыр.

Бүгінде Қызылжарда жылу жүйелерінің 72 пайызының тозығы жеткен. Тығырықтан шығу жолдарын монополистер қарап жатқаныдарын айтады. Энергетиктер қаржылық институттардан 12,5 млрд теңге несие алып, 2020 жылға дейін тозған құбырлардың санын 60 пайызға дейін азайтуды көздеп отыр.

Игорь Рыбас, «Петропавл жылу жүйелері» ЖШС бас директоры:

Біз қосымша қысым беріп, әбден тозған құбырларды анықтаймыз. Былтыр 11 шақырым құбырды ауыстырдық. Биыл тағы 12 шақырым жаңа құбыр тартамыз деп жоспарлап отырмыз. Барлығы қала бойынша құбырдың 160 шақырымы ескіріп қалған.

Қазір монополистер тұрғындарға келтірген залалы үшін өтемақы төлеу мәселесін қарастырып жатыр. Бірақ зардап шеккен тұрғындардың саны әлі де еселенуі мүмкін. Себебі құбырлардың гидравликалық сыны шілденің аяғына дейін жалғасады. Демек, құбырлардағы кем-кетіктер әлі де шығуы ғажап емес.

Абзал ҚҰРМАНКИН