$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Ауыл тұрғындары көшеге шығуға қорқып отыр

AstanaTV
27.01.2022ж. 20:00
1156
Ауыл тұрғындары көшеге шығуға қорқып отыр

Тараз қаласына қарасты Құмшағал ауылының тұрғындары көшеге шығудан қалған. Өйткені соңғы кезде қаңғыбас иттер, адамдарға шабуылдауды жиілеткен. Тұрғындар төрт аяқтылар бала тұрмақ, ересектерден сескенбейтін болды дейді. Ал, бұған жауаптылар  аяққа тұсау болған жаңа Заң деп отыр. Амалы таусылған ауыл хылқы «Жануарларға жауапкершілікпен қарау» туралы заңды қайта қарауды сұрайды.  

Ауыл халқы көшелерде иттердің қаптап кеткеніне ашулы. Ауладағы төрт түлікке тискені былай тұрсын, көшедегі адамдарды талау фактілері жиілеп кетіпті.
 
Қаңғыбас иттерден зәбір көргендердің осындай жанайқайы, жергілікті әлеуметтік желіде жиі жарияланып жүр. Базыналылар иттердің көптігін айтып,  ветеринария мамандарына хабарласқан. Олар қаңғыбас иттерге қарсы қару қолдануға тиым салынғандықтан қолдан келер шара жоқ деп тұтқаны қоя салатын көрінеді.

Орынбасар ТОҚБЕРГЕН, ҚҰМШАҒАЛ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
 
Ит деген масқара, оны жасыратын несі бар, айту керек қой турасын. Иттер малға да, адамға да шауып жатыр. Біз қанша өтіндік бізге итті атуға рұқсат жоқ, мұрша бермей жатыр деп айтып жатыр. Бес емес, жеті лақты жеді. Әр қайссының екі қойын жеп кетіп жатыр.

Жаңа жылдан бастап қабалданған заңнан кейін осы сала мамандарының саны едәуір кеміп кетіпті. Өткен жылы ит аулауға үш топ жұмылдырылған болса, биыл соның біреуі ғана қалған. Бөлінетін қаржы да күрт азайған. Аймақта иттерді аулауға 2020 жылы 67 млн теңге бөлінсе, былтыр 37, ал биыл 35 млн теңге қаржы қарастырылып отыр.

Талғат ҚОЖАБЕРГЕНОВ, ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫ ӘКІМДІГІ ВЕТЕРИНАРИЯ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:

Аяқ астынан аулауға жаңа заңға байланысты өзіміз барып аулай алмаймыз. «Жануарларға жауапкершілікпен қарау» заңына байланысты  біраз кішкене уақытша кедергілер келуде. Бұрынғыдай жаппай бас салып аулауға рұқсат етілмейді. Бұған әкімшілік қылмылыстық жазалар көзделуде.

Ветеринарлар қару қолданбасақ, енді қаңғыбас иттерді қуалап жүріп ұстауға тура келеді деп отыр. Сондықтан олар желаяқтарды алдыңғы қатарға қоятындарын жасырмайды. Құмшағалдықтар болса, заңға өзгеріс енгізген депутаттар аталған құжатты қайта қарасын деп талап қойды. Өйткені бұл бір ғана ауыл тұрғындарының жанайқайы емес екен. Қала маңындағы басқа ауылдарда да жағдай осыған ұқсас.
   
Б. Жұмабайұлы