Спорт Қазақстан
$443.44 €480.51 ₽4.88
×

Павлодардағы майнинг компаниялар жаппай көшіп жатыр

AstanaTV
31.01.2022ж. 20:00
1359
Павлодардағы майнинг компаниялар жаппай көшіп жатыр

Қазақстанда криптовалюта өндіретін майнинг компаниялар жаппай көшіп жатыр. Олар негізінен көршілес Ресейге қоныс аударуда. Өзбекстан мен Тәжікстанды айтпағанның өзінде мұхит асып АҚШ-қа да кетіп жатқандары бар. Елдегі майнинг фермалардың 70 пайызға жуығы Павлодар облысы аумағында орналасқан. Дәлірек айтқанда,  Екібастұздағы электр станциялары айналасында шоғырланған. Өткен күзде энергетика министрлігі криптовалюта өндіруші кәсіпорындардың 1000 мегаватқа дейін электр қуатын тұтынатынын мәлімдеді. Сондай-ақ, елде астыртын жұмыс істейтін «сұры майнингтердің» қаптап кеткенін де айтқан. «КЕGОС» елдегі дата орталықтарға  электр қуатын беруді 24 қаңтардан бастап тоқтатқан.

Дінмұхаммед МАТКЕНОВ, МАЙНИНГ КОМПАНИЯНЫҢ НЕГІЗІН ҚАЛАУШЫ, ҚҰРЫЛТАЙШЫСЫ:
 
Бізге берілетін электр қуатын шектеулер қазан айының ортасынан басталды. Нағыз керек кезде жарықты өшіріп тастайтын. Жоғарыдағылардың электр энергиясын дұрыс реттемегеннің кесірінен осы күйге түстік. Бізге Қазақстанда болашақ жоқ. Сондықтан көшеміз. Ресейге баратын шығармыз. Біз барлық салығымызды төлеп шынайы жұмыс істеп келдік. 2021 жылы 14 млрдтай теңге бюджетке қаржы түсіргенбіз.

«КЕGОС»  компаниясы  қазіргі уақытта Қазақстанда бірыңғай энергетикалық жүйеде электр энергиясы мен қуат теңгерімін ұстап тұруға байланысты қауырт жағдай сақталғанын хабарлады. "Осыған байланысты 2022 жылғы 24-қаңтардан бастап айдың соңына дейін цифрлық майнингті жүзеге асыратын тұлғаларға электр энергиясын жоспарлы жеткізу толығымен жойылады" делінген хабарламада. Ескерту елдегі 196 дата орталықтарына жіберілген.

Ө. Қуанар