Спорт Қазақстан
$441.66 €475.14 ₽4.86
×

Терможаңғыртудан өткен үйдің былығы көбейген

AstanaTV
02.02.2022ж. 20:00
748
Терможаңғыртудан өткен үйдің былығы көбейген

Ақтөбе облысы Қандығаш қаласының тұрғындары терможаңғырту бағдарламасымен жөнделген үйге қатысты шу шығарды. Олар «біздің үй біреудің қалтасын қампайту үшін ғана жөндеуден өтті» деп ашулы. Айтуларынша, тұрғындардың көбінің орнына басқа біреулер қолын қойып, келісім берген. Ал, жөндеу жұмыстары сапасыз жүргізілген дейді. Аудандық әкімдік, сот пен прокуратураның табалдырығын тоздырып, әділдік таппаған қандығаштықтар бүгін облыс әкіміне арнайы келді. Мәселенің мән-жайын аймақтағы тілшіміз баяндайды.

Қандығаш қаласының Жастар шағынауданы тұрғындары о баста терможаңғырту бағдарламасы бойынша үйді жөндетуге қарсы болдық дейді. Соған қарамастан, әкімдік 2020 жылы ақша бөліп, көпқабатты үйдің іші-сыртын жаңартқан. Жөндеудің сапасына көңілі толмаған жұрт құжаттарды тексере келе біраз былыққа тап болған.  

Бекболат ШЫНҒҰЛОВ, ҚАНДЫҒАШ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
 
Модернизация бастаған кезде халыққа қол қойдырады ғой келісемін деп, сол қойылған қолдардың ішінде подделка көп. Өліп қалған адамның атын да өздері қойып жіберген. Соны не ЖКХ, не Береке-Қандығаш, ешкім қадағаламаған. Оны акимат та қадағалаған жоқ. Бұл жерде үлкен коррупция болып тұр. 64 миллион теңге 6 подъезді үйге кетіп қалу дейтін ол көп ақша.

Құжаттардағы кемшіліктерді жазып, тиісті орындарға арызданғанымен ешкім құлақ аспай отыр дейді жиналғандар. Олар көзге көрініп тұрған қатені ешкім көрмейді немесе қасақана көргісі келмейді деп топшылайды.

Тұрғындар терможаңғыртудың сметасы, сараптамасы мен техникалық бақылау қызметтеріне де қыруар қаржы жұмсалғанын кейін білген. Ешбір шығын бізбен алдын-ала келісілген  жоқ деп ашулы. Бұдан бөлек, терможаңғырту жасалған кезде үйдің жертөлесіне автоматтандырылған жылу қондырғысы орнатылған. Бірақ 6 миллион теңгеге сатып алынған құрылғы сол күйі істен шыққан. Соған қарамастан оның ақысын  халық қайтаруға міндетеліп отыр. Пайдасыз құралға не үшін ақша төлейтініміз түсініксіз, дейді наразы жұрт.

Узипа САҒИДОЛЛАЕВА, ҚАНДЫҒАШ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Бізге о баста жылуды реттейтін қондырғыны қойғаннан кейін жылу үшін айын 3-4 мың төлейтін боласыздар деді. Бірақ, түбіртекте өзгеріс жоқ, жылуға бұрынғыдай 7 мың теңге төлеп жүрміз. Сонда жұмыс істемейтін аппараттың бізге не қажеті бар?


Екі жылдан бері терможаңғыртудың дауын даулап жүрген Қандығаш тұрғындары аудандық әкімдік, прокуратура мен соттан қайыр болмаған соң, облыс әкіміне кіреміз деп Ақтөбеге арнайы келген. Аймақ басшысы олардың алдына шыққан жоқ. Ал, облыстық энергетика басқармасының басшысы бұл мәселе былтыр «Антикор» орталығында қаралғанын жеткізді. Бірақ, жемқорлықпен күрес қызметінің мамандары бұл істе ешқандай кемшілік анықтаған жоқ деді. Ал, жылу үнемдеу құралына қатысты басшы былай деді.  
 
Ержан МҰЗДЫБАЕВ, АҚТӨБЕ ОБЛЫСТЫҚ ЭНЕРГЕТИКА ЖӘНЕ ТҮКШ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Негізі келісілген хаттама бойынша АТП қондырылған. Дегенмен, қазір жұмыс жасамай тұрғанын тиісті мамандармен барып қарайтын боламыз. Оны алып тастау немесе ақшасын шегеру жөнінде немесе халыққа қажет болса, іске қосу жөнінде шешім қабылдаймыз.


Материал эфирге әзірленіп жатқанда  облыс әкімі аппаратының өкілі Қаныбек Жақсығалиев хабарласып, Қандығаш тұрғындарының мәселесі шешілгенін жеткізді. Оның айтуынша, халық жылу үнемдейтін бекеттің ақысын төлемейді. Ал, құжатқа жалған қол қою мәселесі бойынша тұрғындарға сотқа жүгінуі тиіс.

Г. Сейтенова