Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

"Олимпиадада алтын, күміс алады деп, ешкімнің басына май жаққым келмейді",- сарапшы

AstanaTV
02.02.2022ж. 20:00
1194
"Олимпиадада алтын, күміс алады деп, ешкімнің басына май жаққым келмейді",-  сарапшы

Бейжіңде қысқы Олимпиаданың алау эстафетасы басталды. Төрткүл дүние көз тіккен байрақты бәсекенің бүгін алғашқы іріктеу сындары  өтуде. Жалпы, бұл дода Қазақстан тәуелсіздігі тарихындағы жетінші олимпиада. Қытайда өтетін төрт жылдықтың басты сайысына  сайдың тасындай іріктелген  атлеттеріміз аттанды. Бірақ, спорт қайраткері, белгілі журналист Несіпбек Жүсіп спортшылардың медальмен оралатынына сенімсіздікпен қарайды. Тіпті, медальсіз оралуы да әбден мүмкін дейді. Министрлік өкілдері де топ жаруы мүмкін деген саңлақтардың саусақпен санарлық екенін айтады. Әріптесім Асылбек Данияр тақырыпты тарқатады.

Қазақстан спорты алға қарай жылжудың орнына кері кетіп барады. Өткен жылғы жазғы Олимпиада еліміз үшін ең сәтсіз жарыс болды. Қазақ спорт журналистикасының ақтаңгері Несіп Жүнісбаев осындай пікірде. Дәлірек айтқанда, үміт артқан спортшыларымыз жердің үстімен барып астымен қайтты, дейді. Сөзінше,  министрліктің шикі жұмысы саланы әлсіреткен.  Яғни, олимпиадашыларды дайындау комитетке тапсырылғаны қателік болғанын айтады.  Тағы бір мәселе - министрлікті бөлу жайы. Мәдениеттен спорт өз еншісін алуы қажет, деді. Болмаса, баяғы жартас сол жартас күйінде қала бермек.

Несіп ЖҮНІСБАЕВ, ҚР ЕҢБЕК СІҢІРГЕН ЖАТТЫҚТЫРУШЫСЫ, СПОРТ ЖУРНАЛИСІ:

Жыл сайын біз күшейіп келе жатқан жоқпыз. Керісінше, нашарлап келе жатырмыз қысқы спорт түрінде. Сондықтан да биыл алтын алады немесе күміс алады деп, мен ешқайсысының басына май жаққым келмейді. Токиодағы нәтижені қайталап алу деген мәселеге келсек, спортшылары үшін өте ауыр болады. Ол мүмкін емес.  

Қазақстан тәуелсіздік алғалы өткен Қысқы олимпиада ойындарында ауыз толтырып айтатындай жетістікке жетпеген.    1996 жылдан 2018 жылға дейін ел қоржынына бар болғаны 8 ғана медаль түскен.

Норвегия астанасы Лиллехаммердегі ойында  атлеттеріміз 1 алтын, 2 күмісті қанжығаға байлады.  Жалпы командалық есепте 12 орынмен аяқтады. Ұлттық құрама бұдан кейін ондай нәтижеге қол жеткізген жоқ.   Жапониядағы олимпиадада 2 қоламен 20-шы орыннан көрінді. Одан кейінгі АҚШ пен Италиядағы ойындарда бірде-бір жүлде бұйырмады. Ал соңғы үш бәсекеде 1 күміс пен 2 қоланы ғана еншіледі.

Жауапты министрлік спортшылардың ел қоржынына медаль салу мүмкіндігі бар ма деген сұраққа нақты жауап бере алмады. Сенім артып отырған жүйріктеріміз бар деп қысқа қайырды. Сондай-ақ бірнеше олимпиадаға барып, жүлдесіз қайтқан сәттер аз емес. Бұл қысқы спорттың  кенжелеп қалғанынан, деп түсіндірді. Оның үстіне   спорттың бұл түрлерімен  айналысатын жастар аз, дейді.

Айгүл БЕКТЕНОВА, ҚР МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ СПОРТ МИНИСТРЛІГІ КОМИТЕТІ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Қысқы спорт түрлеріне енді көпбалалы отбасылардан, одан кейін жағдайы нашар жанұялардан барады. Балам өмірін спортқа арнасын деген ата-аналардың саны азайып барады. Шорт-трек, фристайл акробатика, могул сияқты спорт түрлеріне үміт артып отырмыз.


Осыған дейінгі екі  олимпиадада бақ сынаған шорт-трекші Нұрберген Жұмағазиев биылғы жарыста бой көрсетпейді. Спорттан көңілі қалмаған. Мемлекет тарапынан көрсетілетін көмек  те жеткілікті. Тек мотивация  болмады, дейді.  Дегенмен, әріптестері медальсіз қайтпайды деген сенімде.

Нұрберген ЖҰМАҒАЗИЕВ, ҚАЗАҚСТАН ҰЛТТЫҚ ҚҰМАРА ЖАСТАРЫНЫҢ ШОРТ-ТРЕКТЕН ЖАТТЫҚТЫРУШЫ:

Ол балалар медаль қалай алу керек екенін біледі. Олар сезген ол әлемдегі жігіттермен үлкен деңгейде өнер көрсете алатынына. Сондықтан, тәжірибелері бар үлкен үміт күтеміз олардан.  


Биылғы Бейжің Олимпиадасының жеңімпаздарына төленетін сыйақы мөлшері де аз емес. 1-орынға 250 мың АҚШ доллары, 2-орынға 150 мың АҚШ доллары, 3-орынға 75 мың АҚШ доллары беріледі. Сондай-ақ үздік алтылыққа енгендер де құр қол қалмайды. Айта кетейік, XXIV Қысқы Олимпиадада еліміздің 34 спортшысы бақ сынайды. Ұлттық құраманың орташа жасы: 25-те. Ең жас қатысушы 16 да болса, үлкені-35-те.Олар спорттың 8 түрінен 87 лицензия ұтып алған.

Асылбек ДАНИЯР, ТІЛШІ:

Байрақты бәсекенің ашылу салтанатына шақырту алған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та шараға қатысады деп жоспарланған. Ал, атлеттеріміз ертеңнен бастап жарыс жолына шығады. Айтылған сын-пікірлерге қарамастан үкілеген үмітіміз басым, сондықтан спортшыларымыздың олимп шыңын бағындыруына  тілектеспіз.

А. Данияр