Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

Ақтөбе облысында егіз балаға иіс тиіп қайтыс болды

AstanaTV
04.02.2022ж. 20:00
1373
Ақтөбе облысында егіз балаға иіс тиіп қайтыс болды

Ақтөбе облысының Қобда ауданындағы Қызылжар ауылында төрт жастағы егіз бала өрттің ортасында қалып, иіс тиіп көз жұмды. Жергілікті әкімдіктің айтуынша, қайғылы жағдай орын алған сәтте ата-анасы жұмыста болған. 20 шақырымдағы көрші Ақырап ауылынан жеткен  өрт сөндіруші еріктілер жасағы, отты ауыздықтағанымен, үйде қамалып қалған екі баланы алып шыққан. Бірақ дәрігерлер оларды аман алып қала алмады. Жалын небәрі сегіз шаршы метрді шарпыған. Облыстық төтенше жағдайлар департаменті мамандарының  болжамы бойынша, тілсіз жауға электр сымдарының тұйықталуы себеп болған.  

Асқар ТӨЛЕШЕВ, АҚТӨБЕ ОБЛЫСТЫҚ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР ДЕПАРТАМЕНТІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Кәдімгі светтің проводы, провод есіктен өтеді, бірінші есіктің топсасы өртенген, сосын төбесі кішкене өртенген. Шоқтары ленолиумға түскен. Ленолиумнан түтін пайда болған. Сол иістен, улы газдан улануға байланысты балалар ауылда дәрігер бар, оның көмегіне қарамастан балалар қайтыс болып кетті.

Қобда аудандық әкімдік өкілі Арман Қабылдың айтуынша, қайғы жамылған отбасы жапсарлас салынған ескі үйде тұрып келген. Олардың 4 баласы болған. Сол күні мектеп жасындағы балалары сабаққа кетіп, анасы егіздерді есіктің сыртынан жауып, жұмысқа кеткен. Аналары жергілікті клубтың еденін жуса, әкелері шаруа қожалығында жұмыс істейді.

Арман ҚАБЫЛ, ҚОБДА АУДАНДЫҚ ІШКІ САЯСАТ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:

Жергілікті атқарушы орган қысқа мерзімде үйді демеушілік тарапынан қалпына келтіру жұмыстарын ұйымдастыруда. Қазіргі уақытта аудандық «Шапағат» қорынан материалдық көмектер көрсетілді.

Ал, төтенше жағдай министрлігінің берген мәліметінше, Ақтөбе облысындағы Қызылжар ауылында небәрі 331 адам тұрады. Сондықтан ол ауылда өртке қарсы қызмет жоқ. Бұл жергілікті өңірдің қарамағындағы мәселе деді. Ал өртке қарсы қызмет органдарын жобалау үшін халықтың саны 5 мыңнан асу керек деп отыр. Алдағы уақытта, жергілікті атқарушы органдар бұндай жағдайдың алдын-алу үшін өрт сөндіру бөлімдерін құруды әкімдіктегілердің жауапкершілігіне жүктеп отыр.

Г. Сейтенова