Спорт Қазақстан
$444.32 €473.33 ₽4.76
×

Түркістандық шаруалар жылыжайда піскен қызанақты сата алмай отыр

AstanaTV
10.02.2022ж. 20:00
1122
Түркістандық шаруалар жылыжайда піскен қызанақты сата алмай отыр

Сарыағаштық  шаруалар жылыжайда пісіп тұрған қызанақтарын өткізе алмай отыр.   Айтуларынша, ел аумағындағы базарларды Ташкент пен Түркіменстанның  өнімі жаулап алған.  Бағасы да арзан көрінеді. Ал отандық өнімді сұраған ақыға берсек  шығын ақталмайды дейді.  Енді не істеу керек? Мәселені жергілікті билік қалай шешпек? Өңірден-Айзада Төребекқызы.

Сарыағаштық шаруа Нұғман Әбілдашевтың жылыжай ісімен айналысып жүргеніне 4 жылдан асқан. 30 сотық жерден алғашқы жылдары екі рет өнім алған диханның биыл пайда көрем деген үміті ақталмайын деп тұр. Дәл қазір піскен 1 тонна  қызанағын өткізетін жер жоқ дейді. Көрші облыстарға жібергенмен ондағы делдалдар тым арзанға сұраған. Ол шығынды ақтамайды дейді  шаруа.
 
Нұғман ӘБІЛДАШЕВ, ШАРУА:

350-400 менің еңбегімді ақтамайды. Қазір мен осы тұрғанда осы 30 соттыққа 70 тонна көмір жақтым. Әлі көктем аяқталам дегенше әлі 20 тонна немесе 30 тонна көмір жағам. Ал көмірдің 1 тоннасы 17 мыңнан басталып, 20 мыңға дейін көтерілген.

Тек көмір емес, су мен жарықтың, екі -үш есе қымбаттап кеткен тыңайтқыштың шығыны тағы бар. Мұндай қиындықты Нұғман Әбілдашев секілді өзге шарулар да бастан өткеруде. Салдарынан кейбіреулері жұмысын тоқтатқан. Ал базардағы бағаны делдалдар билеп отыр. Оны бақылап жатқан ешкім жоқ  дейді шаруалар. Жергілікті базарларда шетелдік қызанақтары 600-700 теңге шамасында сатылып жатыр.  

 БЛИЦ:

- Огурцы Ташкенттен кеп жатыр. Помидор Түркіменстаннан кеп жатыр. Сапасы жақсы.  Қазіргі уақытта мына помидор іші қызыл шығып жатыр. Мынау-Түркіменстан, осыны мақтап жатыр бәрі.

- Қазақстандікі бар, бірақ ішінің бәрі..клиенттер қайтып әкеп береді, нашар дейді. Ташкент пен Түркіменстан дұрыс.

- Мына Түркіменді алдым 500 ден.  Месныйларды сұрамадым, өзі қымбат жүреді да олар мынаған қарағанда. Виды да нашарлау болады.


Ал  салаға жауаптылар бағаны нарық реттейді дейді.  Жылыжай шаруашылығына соңғы бес жылда субсидия берілмегендіктен ұсақ серіктестіктер  осындай қиындыққа тап болғанын да жақсы біледі. Мәселе  үкіметттік деңгейде шешілуі тиіс екенін айтады.

Әлайдар ӘМІРХАНОВ, САРЫАҒАШ АУДАНДЫҚ КӘСІПКЕРЛІК ЖӘНЕ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:

 
Производственный жылыжайлар, солардың құрылысына кеткен шығынның белгілі бір 25 пайыздай мөлшерін  мемлекет есебінен қаржыландырылып беріледі. Ал қаржыландыру субсидиялау мәселесін біз ауыл шаруашылығы басқармасына ұсыныс бергенбіз.  


Сарыағаш ауданында 600 гектар жылыжай бар. Егер қаржылай қолдау болса диқандар бір жылда екі рет өнім алып, ел аумағын толық қамтамасыз етуге мүмкіндік бар екенін айтады.  Алайда оған қолдау жоқ, ал отандық өнім   пысықайлардың кесірінен  өтпей тұр.  

А. Төребекқызы