Спорт Қазақстан
$441.66 €475.14 ₽4.86
×

Ақтөбеде құрылысы тұралап қалған үйдің үлескерлері шу шығарды

AstanaTV
10.02.2022ж. 20:00
1767
Ақтөбеде құрылысы тұралап қалған үйдің үлескерлері шу шығарды

Ақтөбеде Батыс-2 шағын ауданында салынып жатқан көпқабатты үйдің үлескерлері шу шығарды. Құрылыс компаниясы нысанды өткен жылдың желтоқсанында тапсыруы тиіс болған. Алайда, компания қожайыны былтыр жазда бақилық болып, үй құрылысы тоқтап қалған. Бүкіл жиған-тергенін үлескерлікке берген жұрт, енді қайдан барарын білмей дал.

Батыс-2 шағын ауданындағы жаңа үйлер тағы да шудың ортасында қалды. «Эксклюзив» тұрғын үй кешеніне ақша салған ақтөбеліктер, ендігі қоныс тойын тойлауы керек еді. Алайда, тоғыз қабатты үй әлі аяқталмай жатыр. Құрылысы 2020 жылдың күзінде  басталған нысан, құжат бойынша 2021 жыл желтоқсанда бітуі тиіс болған.

Айымгүл ӘБЕНОВА, ҮЛЕСКЕР:

Декабрьде бітіреді, январьда техпаспорт аласыз, ақшаның қалғанын төлейсіз деді. Негізі 8 миллион төлеп қойдық біз.

Ербол ЖАНТЕКЕНОВ, ҮЛЕСКЕР:

Үй міне қалай тұрды, қақсып әлі тұр. 1-2 этаж болды. Июньде Жанғали қайтқанда  екі этажы тек дайын болды. Енді 2022 жыл, февраль, 4 этажы ғана салынған. Әне, міне деп әлі жүрміз.


Гүлнафис ЕСЖАНОВА, ҮЛЕСКЕР:

Халықтың көбі қазір ақшаның бәрін салып, көбі үйлерін сатып, осы үйге салып, жаңа районнан үй аламыз деп үміттеніп, көпшілігі квартирада жүр қазір бала-шағасымен.

Компания өкілі құрылыстың тоқтауына мұрагерлік рәсімдердің біраз уақыт алуы себеп болды дейді. Айтуынша, былтыр жазда компания қожайыны жол апатында қайтыс болып, оның барлық мүлкіне қатысты рәсімдер аяқталғанша жарты жыл өткен. Өзін құрылыс жетекшісімін деп таныстырған мына адам бүгін үлескерлерден үйді салып бітіруге тағы уақыт сұрады.

Ержан НҰРБОСЫНОВ, ҚҰРЫЛЫС КОМПАНИЯСЫНЫҢ ӨКІЛІ:

Маған 1 жыл, 1 ай уақыт керек, үйді до конца бітіру үшін. Қазір проблема – материал. Көріп тұрсыздар, жайлап келіп жатыр. Проблема кірпіштен. Егер кірпіш болса, мен бір жылдың ішінде көтеріп тастаймын. Ақшасы төленіп тұр, 1 машинадан артық бермейді.


Бұл тұрғын үй кешеніне 80 адам үлескер болған. Олар енді компания өкілінің сөзіне сеніп, пәтерін тағы бір жыл күтуге мәжбүр. Себебі, сотқа берсек, үй құрылысы тоқтап қала ма  деп алаңдайды. Пәтерден бас тартып, ақшасын қайтаруды сұрағандарға компания өкілдері шотта қаражат жоқ екенін хабарлаған.   

Г. Сейтенова