Спорт Қазақстан
$445.66 €474.58 ₽4.78
×

Алматыда қару-жарақ дүкенін тонаған тағы бір қылмыстық топ анықталды

AstanaTV
14.02.2022ж. 20:00
1049
Алматыда қару-жарақ дүкенін тонаған тағы бір қылмыстық топ анықталды

Алматыдағы қару-жарақ дүкенін тонаған тағы бір қылмыстық топ анықталды. Бұл жолы бес бірдей шолақ мылтықты қолды қылған күдіктілердің қылмысы әшкере болды. 22 мен 24 жас аралығындағы жігіттер тергеу сотының шешімен қамауға алынды. Полицейлер, сегіз «Сайга» қаруын жасырған қала тұрғынын да ұстаған. "Қаралы қаңтардың" салдары жайлы әріптесім Әсем Лесбек тарқатады.

Бейбіт шерудің соңын жаппай тәртіпсіздікке ұластырғандармен күрес жалғасып жатыр. Атыс-шабысқа қатысы бар деген күдіктілер қаланың түкпір-түкпірінен құрықталуда. Тәртіп сақшылары Наурызбай ауданының тұрғынынан оптикалық көздеуіш пен аңшылық құралдарын тәркілеген.
 
38 жастағы азамат қолды қылған мылтықтарын ауласындағы мал қораға жасырған. Күдікті қазір қамауда. Қару-жарақ дүкеніне шабуыл жасады деген күдікпен тағы үш адам ұсталды. Полиция Алматы және Жамбыл облыстарының тұрғынан 5 шолақ мылтықты тәркілеген.
 
«Қасіретті қаңтар» оқиғасында азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғау бірінші кезектегі міндет. Ел Президенті өткен сенбіде өткізген Қауіпсіздік кеңес отырысында осыны баса айтты.  Бас прокурор 3000-нан астам қылмыстық іс тергеліп жатқанын мәлімдеді.
 
Ғизат НҰРДӘУЛЕТОВ, ҚР БАС ПРОКУРОРЫ:
 
Қазіргі уақытта 3024 қылмыстық іс бойынша тергеу амалдары жүргізілуде. Арнаулы прокурорлардың басшылығымен ведомствоаралық тергеу тобы жаппай тәртіпсіздіктер мен террорлық актілер бойынша 177 істі қарап жатыр. 779 адам қамауда отыр. Арасында ұйымдасқан қылмыстық топтардың 24 мүшесі бар. 113 адам кісі өлтіру, ұрлық, тонаушылық және қарақшылық әрекеттері үшін бұрын сотталған.

 
Ұсталғандарды азаптау туралы деректер жіті тексеріледі деді, бас прокурор. Президент әрбір істі мұқият әрі шынайы тексеруді тапсырды. Айта кетейік, мемлекет басшысы қаза болғандардың рухына Құран бағыштау рәсіміне қатысты.
 
Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
 
Өкінішке қарай, дүрбелеңде көптеген азаматымыз қаза тапты. Бұл нағыз қасірет. Қазіргі таңда тиісті мекемелер азаматтардың әрбір ісі бойынша тергеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Сол қасіретті оқиғадан бері 40 күн өтті. Бүгін марқұмдардың рухына Құран бағыштау үшін мешітке арнайы келдім. Қаза болған адамдардың жақындарына тағы да көңіл айтамын.
 
Мемлекет басшысы Жалпыұлттық аза тұту күні жарияланғанын еске салды. Марқұмдардың жақындарына қаржылай көмек көрсетуді тапсырғанын мәлімдеді.
 
Әсем ЛЕСБЕК, ТІЛШІ:

Бұл орайда «Қазақстан халқына» қоры қайырымдылыққа елеулі үлес қосады деп сенемін дейді, Президент. Енді халықтың тыныштығын бұзуға жол бермеуге бекінгенін жеткізді. Мемлекетіміздің тұтастығы мен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін біраз тер төгуіміз қажет деді.


Ә. Лесбек