Хабарымыз әрі қарай спорт жаңалықтарымен жалғасады. Онымен әдеттегідей әріптесім Асылбек Данияр таныстырады. Асылбек, бүгін қандай жаңалықтармен бөлісесің?
Кеш жарық, Лаура! Олимпиада ойындарына қатысып жатқан ресейлік мәнерлеп сырғанаушы шу шығарды. Оның себебі неде? Қазақстан спортшыларының аяқ алысы қалай? Осы және өзге де ақпараттар сәлден соң.
Енді мемлекеттік қазынадан Ұлттық Олимпиада комитетіне қаржы бөлінбейді. Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты дене шынықтыру және спорт істері жөніндегі комитет Ұлттық Олимпиада комитетімен арадағы келісімшартты тоқтатады. Комитет төрағасы Самат Ерғалиев қол қойып, Қазақстанның Ұлттық Олимпиада комитетіне жіберген. Екі жақты шартты тоқтату туралы шешім президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша қабылданған. Енді 1 сәуірден бастап Ұлттық Олимпиада комитеті спортқа бөлінетін мемлекет қаржысына иелік етпейді.
"Бәріңді жек көремін! Ешқашан мұзға шықпаймын". Қытайдағы олимпиада ойындарында мәнерлеп сырғанау бойынша өнер көрсеткен ресейлік Александра Трусова өзінің наразылығын білдірді. Нақтырақ айтқанда, бапкеріне ренжіді. Қос бағдарламаның нәтижесінде екінші орын алған спортшы ол жүлдеге қанағаттанбады. Өйткені, ол әйелдер арасында бір бағдарламада бес рет төрттік секіру элементін орындаған спортшы ретінде тарихқа енді. Десе де, екі бағдарлама қорытындысы бойынша Анна Щербаковадан 4 ұпайға қалып қойды. Дегенмен, Алтын өзгеге емес, өзінің командаласына бұйырды. Бірақ Александра сонда да, марапаттау рәсіміне шықпайтынын айтып, бапкерлеріне айғайлаумен болды.
Бүгін аспан асты елінде өтіп жатқан төрт жылдықтың басты бәсекесінде Қазақстан атынан 2 спортшы бақ сынады. Екеуі де конькиші. Ерлер арасындағы 1000 метрлік жарыста ел намысын Дмитрий Морозов пен Денис Кузин қорғады. Кіл мықтылар сайысында қос атлетімізге де жүлде бұйырмады. Нәтижесі уақытпен шешілетін додада спортшыларымыз кестенің 17-нші және 23-нші сатысына жайғасты.
Сонымен он бесінші ақпандағы XXIV Қысқы Олимпиаданың қорытындысы мынадай:
15 алтын, 8 күміс, 11 қоламен Норвегия әлі көш басында. Екінші орында -Германия. Үздік үштікті АҚШ құрамасы түйіндейді.
Мендегі бар ақпарат осы. Біздің спортшылар ертең де жарыс жолына шығатынын еске сала кетейін. Оларға сәттілік тілейміз. Лаура, сөз өзіңде.
Рақмет, Асылбек! Ал, біз жаңалықтарымызды жалғастырамыз.
А. Данияр