Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

Қ.Бишімбаев: Еуроодақта болып жатқан өзгерістер Қазақстанды да айналып өтпейді

AstanaTV
24.06.2016ж. 20:00
1220
Қ.Бишімбаев: Еуроодақта болып жатқан өзгерістер Қазақстанды да айналып өтпейді

Еуроодақта болып жатқан өзгерістер Қазақстанды да айналып өтпейді. Тікелей әсер етеді деуге келмес, десе де, валюта бағамы мен шикізат құнына байланған экономиканы әлсіретуі мүмкін. Бүгін есеп беру кездесуін өткізген Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев осыны мәлімдеді. Оның айтуынша, Британияда өткен референдум аса маңызды саяси-экономикалық оқиға. Министр оны тіпті Берлин қабырғасының құлатылуымен салыстырды. Бұл әлемдік нарықты "селт" еткізді. Құнды қағаздар мен шикізат бағасы өзгеріп сала берді. Бірақ бұл қалыпты жағдай. Дүрлігу басылған соң, бағасын береміз, - деді министр.

Қуандық Бишімбаев, ҚР Ұлттық экономика министрі:

Референдум нәтижесіне байланысты мұнай бағасының төмендегенін байқадық. Алтын құны өсті. Еуро мен ағылшынның фунт стерлингі  арзандады. Доллар көтеріліп жатыр. Қазыналық құнды қағаздар өсіп кетті. Біздің Ұлттық қор оған инвестиция салған. Демек, дәл қазіргі уақытта жағдай бізге оң әсер етуде. Ал масштабты түрде айтсақ, дүниежүзілік қаржы ұйымдарынан алатын пайыздық үстемелердің өзгеруі, валюта бағамы, шикізат  бағасы, оның ішінде мұнайдың арзандап-қымбаттауы, бізге қайтсе де әсер етеді.

Айта кетейік, бүгін АҚШ ақшасының құны 340 теңгеге жетті. Ұлттық экономика министрінің есебінше биыл жалпы ішкі өнім 0,5 пайызға өседі. Инфляция 6-8 пайыз көлемінде сақталады. Жыл басында теңге тапшылығын жою үшін, банктерге Зейнетақы қорынан 200 млрд теңге бөлінген. Бүгінде оның 94 миллиарды игеріліпті. Қалған 100 миллиардтан аса ақшаны экономиканың басқа салаларына бағыттау қарастырылып жатыр. Екінші деңгейлі банктердің 15-16 пайызға қарыз алудан бас тартқаны туралы бұған дейін Ұлттық банк төрағасы айтқан болатын. 

Мөлдір БАҚЫТҚЫЗЫ