Спорт Қазақстан
$449.58 €486.94 ₽4.86
×

«Нұр Отан» партиясы Алматы қалалық филиалында кезекті қоғамдық қабылдау өтті

AstanaTV
24.06.2016ж. 20:00
2145
«Нұр Отан» партиясы Алматы қалалық филиалында кезекті қоғамдық қабылдау өтті

Бүгін «Нұр Отан» партиясының Алматы қалалық филиалында кезекті қоғамдық қабылдау өтті. Бұл жолы шаһар басшысы тұрғындардың мәселелерін тыңдады. Бауыржан Байбектің қабылдауына оннан астам адам жазылып, өз проблемаларымен бөлісті. Олардың қатарында әлеуметтік, білім, құрылыс және коммуналдық-шаруашылық сұрақтары бар.

Қала тұрғыны Анна Құдиярова әлеуметтік дәмхана ашқан. Былтырдан бері мекемеде 20-дан астам мүгедек жастар еңбек етіп, жалақы алып келеді. «Кафе тренинг» деген жобаны ары қарай дамытуға ғимараттың тапшылығы кедергі болып отыр екен. Бүгін ол партиядан көмек сұрап келді.

Анна Құдиярова, Алматы қаласының тұрғыны:

Интернатта психоневрологиялық аурумен жатқан адамдарды осы біздің кафеге әкеліп, сен де адамсың деп, жұмыс істетіп, үйретіп жатырмыз. Біреуі даяшы, біреуі аспазшы, біреуі еден жуушы. Олар халық төлеген салыққа күн көріп жатыр, әке-шешесі тастап кеткендер бар. Бұлардың саны көбейді. Ғимарат жетпейді. Кімге барамыз. Осы қабылдауға қаланың бірінші  адамына көмек сұрап кеп қалдық. 

Қала билігі әлеуметтік жобаны қолдау мақсатында, Алатау ауданынан ғимарат тауып беруге уәде етті. Ал Медеу ауданының тұрғыны Сүйімхан Омарова үйіне іргелес салынған мейрамхананың жұмысына шағым айтты. Қалалық сәулет-құрылыс басқармасы  заң талаптарына сай келмейтін ғимаратты бұзу туралы сотқа арыз берген. Алайда заң орындары бұл талапты толық орындамай отырған көрінеді. Әкім тұрғындарға, мәселенің ақ-қарасын шешуге  жәрдемдесетінін айтты.

Бауыржан Байбек, «Нұр Отан» партиясы Алматы қалалық филиалының төрағасы, қала әкімі:

Сіз осы мәселе бойынша арыз жазыңыз. Партия бірінші орынбасары, ГАСК, аудан әкімі тікелей айналысады. Көмектесеміз, дұрыстаймыз. 

Жалпы Алматы қаласында өткен бес айда қоғамдық қабылдау бөліміне 2463 арыз келіп түскен. Оның ішінде партияның ықпалымен 460 мәселе нақты шешімін тапты.