$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Елге Украинадағы 175 отандасымыз жеткізілді

AstanaTV
01.03.2022ж. 20:00
894
Елге Украинадағы 175 отандасымыз жеткізілді

Украинадағы отандастарымыздың алғашқы легі Алматыға жеткізілді. 175 қазақстандық мінген ұшақ Польша арқылы, аман-есен ұшып келді. Оларды әуежайда жақындары ыстық ықыласпен күтіп алды.

Эвакуацияланғандар арасында кішкентай балалар да бар. Олар Украинаның әр аумағынан Польшаға әрең жеткізілген. Жолаушылар елге жеткендеріне дән риза.

Шоқан МҰСТАФИН, ЖОЛАУШЫ:

Бомбалай бастағанда біз жертөледе отырдық. Жарылыстың дауысы естіліп жатты. Қазақстанның Украинадағы елшілігіне көп рахмет, жақсы жұмыс істеді. Үйге оралғаныма қуаныштымын.

Николай ТАТАРЕНКО, ЖОЛАУШЫ:


Біз алғашқылардың бірі боп эвакуацияландық. Өзім Украинаға  жұмыс бабымен барғанмын. Қазір Алматыға аман-есен жеткеніме сене алмай тұрмын. Алғысым шексіз. Сыртқы істер министрлігі қауіпсіздігімізді барынша қамтамасыз етті.

Украина елшілігінде 2 мыңға жуық Қазақстан азаматы тіркелген. Олардың алғашқылары «Эйр Астана» әуе компаниясының ұшағымен келді. Компания Президенті де Киевке жұмыс бабымен барып, кері қайта алмай қалған. Алғашқы жолаушылармен бірге ұшақтан түсті.

Питер ФОСТЕР, ӘУЕ КОМПАНИЯСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Жолаушылар алғашқы 100 шақырымды 7 сағат, соңғы 19 шақырымды 12 сағат жүрді. Кейін шекарада тағы 12 сағат кезекте тұрды. Бірінші кезекте қауіпсіздік талаптары ескерілді. Елшілік тарапынан көп жұмыстар атқарылды. Қазір шекарадағы жағдай өте күрделі.

Ә. Лесбек