Спорт Қазақстан
$444.32 €473.33 ₽4.76
×

Ақжарқын Тұрлыбайдың апелляциялық соты қашан жалғасатыны әлі де белгісіз

AstanaTV
14.04.2016ж. 20:00
1902
Ақжарқын Тұрлыбайдың апелляциялық соты қашан жалғасатыны әлі де белгісіз

Қытайда істі болған Ақжарқын Тұрлыбайдың ақталуына мүмкіндік беретін құжаттар пайда болды. Оны қорғаушы тарап 7 сәуірде Гуандун халықтық сотында өткен апелляциялық тыңдалымда ұсынған. Алқа билер қазір онымен танысуда. Әзірге кезекті отырыс қашан өтетіні белгісіз. Елге оралған Ақжарқынның туыстары мен қорғаушысы шақыртуды күтіп отыр.


Сұңқар Нұрмағамбетов, А.Тұрлыбайдың қорғаушысы:

Тыңдалымның кейінге шегерілгені рас. Бірақ, кей БАҚ құралдары жазып жатқандай, 10 күнге емес. Оны кім айтқанын білмеймін. Сот басталарда Қытай тарапы хабар береді. Әзірге күтіп отырмыз. Болжамымыз жақсы. Істің қайта қаралуына қажетті құжаттар берілген. Сондықтан Гуандун халықтық сотының алқа билері істі кейінге шегерді. Нақты қандай деректер ұсындық, оны айта алмаймын.

Айта кетсек, есірткі контрабандасымен 20 жастағы Ақжарқын Тұрлыбай 2014 жылы Қытай әуежайында ұсталған. Ал 2015 жылы оны Гуанчжоу соты айыпты деп танып, өмір бойына абақтыға тоғытылуға жаза кесті. Бірақ бойжеткен бір танысының өтінішімен Малайзияға сөмке жеткізгенін айтып, «алдандым» дейді. Бұл іске Сыртқы істер министрлігі мен Қытайдағы елшілік де кірісті. Отандасымызды елге экстрадициялау мәселесі де қарастырылмақ. Соңғы тыңдалымда Ақжарқын анасымен кездесуге мүмкіндік алған.

Әнуар Жайнақов, ҚР СІМ баспасөз қызметінің жетекшісі:

Бұл Қытай сотында өте сирек болатын жайт. Ондай кездесу тек сот үкімі шыққаннан кейін ғана беріледі. Бірақ біз оған қол жеткіздік. Қандай себеппен ол рұқсатты алғанымызды айта алмаймыз. Сыртқы істер министрлігі отандасымызға қолдан келгенше көмек беріп келеді.

Құралай ПИОНЕР