Спорт Қазақстан
$446.49 €475.38 ₽4.79
×

Әуежайда не болып жатыр?

AstanaTV
17.03.2022ж. 20:00
961
Әуежайда не болып жатыр?

Ақтөбенің әуежайы жабылды. Бұған дейін рейстер тек түнгі уақытта қабылданған еді. Бүгіннен бастап ұшақтар мүлдем қонбайтын болды. Билет алып қойған жолаушылар жоспарымыз бұзылды деп ашулы. Ал жергілікті билік уақытша екенін айтты.  

Гүлвира СЕЙТЕНОВА, ТІЛШІ:

Ақтөбе әуежайында дүрбелең. Кешегінің өзінде Алматы мен Стамбұлдан келетін екі рейсті қабылдамаған. 300-ге тарта жолаушы Ақтөбеге жете алмай қалды.

Бүгін де ондаған жолаушы жолынан қалып, тығырыққа тірелді. Олар таңмен таласа жаппай ұшақ билетін қайтарып жатыр. Ел ішінде қызмет көрсеткен үш компания мен шетелге жолаушы таситын тағы бір мекемеге тиесілі әуе кемелері Ақтөбеге рейсті тоқтатқан. Мұны күтпеген жолаушылар ашуға мінді.
 
Асқар САДЫҚОВ, АҚТӨБЕ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Стамбұлға серуендеп барамыз каникулға деп план жасап, бүкіл турларын төлеп, транфертін, отельді төлеп қойғанбыз. Ол билеттің барлығы күйіп кетті. «Скат» компаниясынан ақшамызды қайтарып аламыз деген ниет. Неге десең, Ақтаудан да, Атыраудан да, Оралдан да ешқандай мүмкіндік жоқ, пойызға да билет жоқ.


Жәмилә ДІЛМАНОВА, АҚТӨБЕ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

7 ақпанда билет сатып алдық. Соңына дейін ештеңе айтқан жоқ, тек кеше кешке ұшпайтынын хабарлады. Мен немереме Алматыдан Ақтөбеге билет алдым, онда да 4 сағат күттіріп қойып, ақырында рейстің болмайтынын айтты.  Бірақ, барлық сайтта наурыздың 16-не дейін рейстердің болатыны жазылды.

Әкімдіктегілердің дерегінше ұшу-қону жолағы жөндеу үшін әуежай уақытша жабылған. Наурыздың 11-де басталған, жоспар бойынша бүгін аяқталуы тиіс еді. Алайда, әуе қызметінің инспекторлары жолақты қайта тексеріп, тағы да ақау тапқан көрінеді. Енді ұшу-қону алаңындағы 218 тақтайшаны жаңарту керек. «Бұған дейін жолақтағы 60 тақтайшаны ауыстыру үшін түнгі рейстерді қабылдап, амалдап келдік. Енді әуежайды толық жабуға мәжбүрміз», дейді әкімдік өкілі.
 
Айбек ҚАЙЫР, АҚТӨБЕ ОБЛЫСТЫҚ ЖОЛАУШЫЛАР КӨЛІГІ ЖӘНЕ АВТОМОБИЛЬ ЖОЛДАРЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Қазақстан Әуежай қызметі осы жұмысты тексеретін адамдар аэродромның ұшу-қону жолағында жарықшақ бар дейді. Сондай қосымша жұмыстарды жүргізіңдер деп тұр. Біз жүргіздік. Оған дейін қойылған талаптарын орындадық. Бірақ олар қосымша жұмыс тауып, бізге сондай нұсқау қойып отыр.

Шенділер жөндеуді 27-наурызға дейін аяқтауға ниетті. Инспекторлар тағы тексеріп, жолақтан ешқандай кемшілік таппаса, әуежай сол күні ашылады, деп сендірді. Әуежай басшылығы болса, қызметкерлердің жұмысы қалмайтынын жеткізді.
    
Дастан МАЛИЕВ, «ӘЛИЯ МОЛДАҒҰЛОВА ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ӘУЕЖАЙЫ» АҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ:

Сотрудниктерді без содержания, либо отпускке, простойға жіберейін деген үмітіміз, мақсатымыз жоқ. 10 күнді пайдаланып, бүкіл аэровокзалды қалыпқа келтіру жұмыстарын істейміз.

Ақтөбеден аптасына 52 рейс ұшады. Бесеуі ішкі, төртеуі шетелдік бағыт. Әуежай басшылығы жолаушыларға жағдай оңалғанша Орал, Атырау немесе Ақтау қалалары арқылы қатынауды ұсынады.  Бірақ, аталған бағыттарға пойыз билетін табу да оңай болмай тұр.

Г. Сейтенова