Спорт Қазақстан
$446.49 €475.38 ₽4.79
×

Павлодарда диқандар майлы дақылдарда экспортқа шығара алмай отыр

AstanaTV
17.03.2022ж. 20:00
615
Павлодарда диқандар майлы дақылдарда экспортқа шығара алмай отыр

Павлодарда диқандар майлы дақылдарды экспортқа шығара алмай отыр. Бұған ауыл шаруашылығы министрілігі қойған шектеу қол байлау болған. Арнайы берілген квота бойынша айына белгілі бір мөлшерде ғана күнбағыс өнімдерін өткізуге болады. Бірақ, бұның өзін теміржолдағылар жүктің салмағы межелі тоннадан кем немесе асатын болса қабылдамай қойған. Осының салдарынан диқандар жаз бойғы есіл еңбек еш кете ме – деп алаңдап отыр. Мәселенің мәнісін тілшіміз Өзгеріс Қуанар анықтап көрді.

Светлана Агиенко басқаратын шаруашылық өткен жылы күнбағыстан мол өнім жинаған. Қазір қамбада 650 тонна майлы дақыл бар. Бірақ, бұл өнімді дер кезінде кәдеге жаратпаса, шіріп кетуі мүмкін.

Светлана АГИЕНКО, ШАРУА ҚОЖАЛЫҒЫҚ БАСШЫСЫ:

Маған кемінде 50 не 70 тоннаға квота беру керек. Бұлар 25 тонна-деп белгілепті. Сонда министрліктегілер темір жол вагондарының сыйымдылығынан хабарсыз болғаны ма? Бізге техниканы дайындап, топырақ аудару жұмыстарын бастау керек. Өнімнен түскен ақшаны соған жұмсаймыз.

Елде майлы дақылдарды сыртқа сатуға шекті квота қойылған.  Жақында бұл шектеу 1- шілдеге дейін тағы ұзартылды.  Бұл ішкі нарықтан артылған өнімді экспортқа шығарамыз - деп отырған диқандарға соққы болып тиген.

Қуаныш БАЙМАҒАНБЕТОВ, ШАРУА ҚОЖАЛЫҚ БАСШЫСЫ:

Ішкі нарық күнбағыс майымен толық қамтылған. Ал, шикізатты экспорттауға тыйым салынғанына қарамастан дайын өнім бағасы қымбаттап жатыр. Дүкендегі бағаны қараныз. Пайдасын біз сияқты диқандар емес, күнбағыс майын өндіруші кәсіпорындар көріп отыр.

Қалқамандағы қамбада қазір 6 мың тонна күнбағыс дақылы сақтаулы. Бұл «Ертіс-агро» деп аталатын  кооперативке біріккен 32 шаруашылықтың өнімі.

Ерлан ТОҚТЫШАҚОВ, «ЕРТІС АГРО» АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ӨНДІРІСТІК КООПЕРАТИВІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:

Біз республикадағы жалғыз кооператив. Біздің ойымыз бойынша министрлікке біздің жабылғанымыз жақсы болады. Неге десеңіз біз ұжым болып мәселені, сұрақтарды қойып отырмыз. Біз болмасақ ешкім көтермейді. Жақсы болады оларға, тыныш болады.

Ауыл шаруашылығы министрлігі экспортқа қойылған шектеу ішкі нарықты қамтамсыз етуге бағытталғанын айтады. Сол себепті де осындай шара қабылдауға мәжбүр.

Назгүл ЖЫЛҚЫБАЕВА, ҚР АШМ АГРАРЛЫҚ АЗЫҚ-ТҮЛІК НАРЫҚТАРЫ ЖӘНЕ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ӨНІМІН ҚАЙТА ӨҢДЕУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАС САРАПШЫСЫ:
 
Өтінім берушілердің арасында вагондық нормадан да төмен, яғни 50-70 тоннадан да төмен көлемге экспорттауға өтініш берушілер де кездеседі. Бұл қағидаларға жаңағы вагондық норманы қосатын болсақ, онда аз көлемде экспорттық көлемге өтініш берушілер спискісіне қосыла алмай қалады.


Ал наурыз айында ел бойынша 5 мың тонна майлы дақылды сыртқа саудалауға рұқсат етілген. Бұған 263 шаруашылық өтініш беріп үлгеріпті. Бірақ, вагондарға жүк тиеудегі шектеу қолбайлау болып отыр. Сондықтан, диқандар экспортқа арналған шектеуді мүлдем алып тастауды сұрайды.

Ө. Қуанар