Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

Мемлекеттің келісімінсіз жекеменшік кен орындары да сатылмайды - ИДМ

AstanaTV
28.06.2016ж. 20:00
2049
Мемлекеттің келісімінсіз жекеменшік кен орындары да сатылмайды - ИДМ

Қазба байлықтар өндіретін жекеменшік кен орындары бұдан былай мемлекеттің келісімінсіз сатылмайды. Жалға да берілмейді. Қазақстандағы өндірісін сатуға ниетті шетелдік инвестор енді оны мемлекеттің рұқсатымен ғана сата алады. Өйткені кен орнын қайтарып алу ісінде мемлекет басым құқықтарға ие. Бұл туралы  Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек мәлімдеді. Қазір тиісті заң жобасы парламенттің қарауына жіберілген.

Жеңіс Қасымбек, ҚР Инвестициялар және даму министрі:

Қазақстанның пайдалы қазбаларымен жұмыс істейтін кез-келген инвестор, ол қазақстандық болсын, шетелдік болсын, өз үлесін сату немесе қолданысқа беру ниеті болса мемлекеттің оны алып қалуға басым мүмкіндіктері бар. Тіпті оны сатып алғысы келмеген күнде, оның басқа инвесторға сатылуы тек мемлекеттің келісімімен ғана жүзеге асады. Жаңа заңда бұл нормалар нақты қарастырылған.

Жұмысына жаңадан кіріскен министр ведомствоның 2015 жылғы жетістіктерін тізіп, алдағы жоспарларымен бөлісті.  2017-18 және 2023-24 жылдары бірқатар республикалық жолдар ақылы қызметке көшеді. Яғни мемлекет бұл жобаны екі кезеңмен жүзеге асырмақ. Осылайша жалпы ұзындығы 7 мың шақырымды құрайтын 6 республикалық бағыт өзін-өзі қаржыландыруға көшеді. 

2023-24 жылдарға дейін ақылы болатын жолдардың тізімі бар. Бұл республикадағы барлық жолдардың 25-30 пайызы. Астана-Бурабай тас жолының үлгісінде жүзеге асады. Біз оларды бюджеттен қаржыландырмайтын боламыз. Бұл әлемдік тәжірибе.

Министр елдің әуе кеңестігіндегі ахуалға да тоқталды. Астана әуежайының жаңа жолаушылар терминалы ЭКСПО көрмесі қарсаңында жылына 7 млн жолаушы қабылдайтындай қауқары бар алаңға айналмақ. Елордамен қатар тағы бірқатар қалалардың әуежайлары күрделі жөндеуден өтеді.

Жеңіс Қасымбек, ҚР Инвестициялар және даму министрі:  

2015 жылы Орал әуежайының ұшу-қону алаңы қайта жөнделгенін білесіздер. Биыл осындай жұмыстар Петропавлда жүріп жатыр. Қостанай, Семей, Өскемен әуежайларының да ұшу-қону жолақтарын жөндеп, тиісті талаптарға сай етуді көздейміз.