Спорт Қазақстан
$439.4 €473.54 ₽4.76
×

Ресей мен Украина арасындағы келіссөздер нәтижесіз

AstanaTV
24.03.2022ж. 20:00
1574
Ресей мен Украина арасындағы келіссөздер нәтижесіз

Ресей-Украина келіссөздерінің жүріп жатқанына тура бір ай болды. Бірақ әлі нәтижесіз.   Ал батыстық ірі компаниялар  Ресей нарығынан кетуін  жалғастыруда. 4 аптада тағы не өзгерді? Басты саяси оппоненттер қандай қадамдарға дайындалуда? Толығырақ тілшіміз сабақтайды.    

Ресей мен Украина арасындағы келіссөздер әскери  іс-қимылға әсер етпей тұр. Тараптар қанша рет кездессе де, нәтиже шығар емес.


Владимир ЗЕЛЕНСКИЙ,  УКРАИНА ПРЕЗИДЕНТІ:

Біз қантөгісті тоқтатып, Ресейді бейбітшілікке шақыру үшін түрлі деңгейде жұмыс істеуді жалғастырамыз. Украин өкілдері күн сайын   өтіп жатқан  келіссөздерге қатысуда. Бұл өте қиын, кейде пікір қарама-қайшылығы туындайды. Бірақ біз сәт сайын алға жылжып келеміз.


Осыған дейін қос тарап Беларуссияда үш мәрте кездескен болатын. Қазір   диалог  бейнебайланыс арқылы  жалғасуда. Мәскеу Киевтен Қырымды Ресей аумағы деп танып, Луганск және Донецк Халықтық Республикаларының тәуелсіздігін мойындауды талап етуде. Ал Украина өз аумағынан Ресей әскерін шығарып, қауіпсіздік кепілдігін беруді негізге алып отыр.  

Сергей ЛАВРОВ, РФ СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРІ:  

Келіссөздер  қиын жүріп жатыр. Өйткені Украина тарабы келіссөздер кезінде кейбір шарттарға келісуі керек екенін түсінсе де, өз позициясын үнемі өзгертіп отыр. Ал АҚШ-қа Ресей мен Украина арасындағы келіссөздердің тез аяқталуы тиімсіз.

Батыс елдері  Ресейге қарсы санкцияларын күшейтуде. Әлемдік брендтер де ел аумағынан кетуді жалғастырып жатыр. Кеше ғана Француз автоөндірушісі Renault Ресейдегі жұмысын тоқтата тұру туралы шешімін жариялады. Сондай-ақ  KitKat және Nesquik ресей нарығындағы айналымын тоқтатады.  Путиннің Еуропа елдері мен АҚШ-қа газды тек рубльмен сату туралы шешімі отқа май құйғандай болды. Бұл жағдай Ресей газының ең ірі 5 импорттаушысының 4-і-Германия, Италия, Австрия және Францияның наразылығын тудырып отыр.

Владимир ПУТИН,  РЕСЕЙ ФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:


Ресей сөзсіз табиғи газды бұрын жасалған келісімшарттарда белгіленген баға қағидаттары бойынша жеткізуді жалғастырады.


Жалпы алғанда сарапшылар Ресей экономикасы үшін қазіргі схема мен Путин ұсынған жаңа жүйенің арасында  айырмашылық жоқ деп санайды. Әзірге Ресей рублі бір доллар үшін 97-ге дейін нығайды. «Бірақ бұл құбылыс ұзаққа созылуы екіталай», - дейді олар. Алайда батыстық серіктестер олай ойламайтын сияқты.  Брюссельде "үлкен жетіліктің" және Еуропалық одақ пен НАТО-ның бірден үш саммитінде бас қосуда.   Ал осы сәтте Украинадан 3,5 миллионнан астам адам кетіп қалды.


Ә. Бердібеков