Спорт Қазақстан
$439.43 €473.31 ₽4.82
×

Әлемдегі саяси ахуалға байланысты қара алтын бағасы құбылып тұр

AstanaTV
24.03.2022ж. 20:00
1304
Әлемдегі саяси ахуалға байланысты қара алтын бағасы құбылып тұр

Әлемдегі саяси ахуалға байланысты қара алтын бағасы құбылып тұр. Бүгін  вrent маркалы мұнай бағасы барреліне 120 доллардан асты. Ақпаратты Лондон биржасы растады. Кейбір мәліметтерге сүйенсек,  АҚШ Энергетика министрлігі бір апта ішінде елдегі қор күтпеген жағдайда төмендегені туралы хабарлағаннан кейін мұнай бағасы тез өсе бастаған. Еске салайық, 18 наурызға дейін АҚШ-тағы коммерциялық мұнай қоры 2,5 миллион баррельге төмендеген. Ал сарапшылар керісінше артады деп күткен еді.ф

Ал доллар бағамы бүгін сәл төмендеді. Қазақстан қор биржасының мәліметінше, таңертеңгілік сауда-саттықтың нәтижесінде доллардың ресми бағамы 501 теңге болды. Еске салайық, Ұлттық банк бекіткен 19-24 наурыздағы теңге бағамы – 505 теңге еді. Kurs.kz сайтының мәліметінше, дәл қазір Алматының ақша айырбастау орындарында доллар орта есеппен  500 теңгеден сатып алынып, 505,5 теңгеден сатылып жатыр. Ал Нұр-Сұлтан қаласында АҚШ валютасының сатып алу құны- 500, сату бағасы- 506 теңге.

Енді елімізде негізсіз жекешелендірілген нысандар мемлекет меншігіне қайтарылады. Оған телекоммуникация, теміржол, медиа активтер және басқа салалардағы нысандар жатады.  Экономиканы монополиясыздандыру жөніндегі комиссия құрылды. Комиссия құрамында Қаржы мониторингі, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттіктерінің бірінші басшылары, Бас прокуратура және «Самұрық-Қазына» өкілдері бар. Бүгін комиссияның алғашқы отырысы өтті. Онда премьер-министр Әлихан Смайылов Үкіметке бір апта ішінде  негізсіз жекешелендірілген нысандарды мемлекет меншігіне беру тетіктері бойынша ұсыныстар енгізуді тапсырды.

Үкімет тыңайтқыштарды субсидиялауға 29,7 миллиард теңге қарастырды. Қаржыға 659 мың тонна тыңайтқыш алу жоспарланған. Сондай-ақ отандық минералды тыңайтқыштардың бағасы төмендету мақсатында үкімет пен «ҚазАзот» компаниясы келісімге келді. Оның аясында аммиак селитрасының бағасы 16 наурыздан бастап 200 мыңнан 160 мың теңгеге дейін төмендейді. Жалпы, ел бойынша тыңайтқыш 12 зауытта шығарылады. Олар жылына 1 миллион 100 мың тонна өнім өндіре алады. Ал жергілікті шаруалардың жылдық сұранысы 660 мың тонна ғана. Яғни ішкі нарықты отандық өніммен толық қамтуға мүмкіндік бар.  

Б. Сатуов