Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

ЭКСКЛЮЗИВ: Алматыда электр энергиясын тарататын жүйе әлсіз

AstanaTV
28.06.2016ж. 20:00
2360
ЭКСКЛЮЗИВ: Алматыда электр энергиясын тарататын жүйе әлсіз

Алматыда электр энергиясын тарататын желілердің жұмысы жетілдіруді қажет етеді. Қаладағы электр сымдарының қуат жеткізу қауқары әлсіз. Сондықтан энергия бөлетін желілерді жаңғырту аса маңызды. Бұл туралы тәуелсіз энергетик Андрей Тарасюков біздің арнаға берген сұқбатында айтты.

Оның пікірінше, Алматыда энергия тапшылығы жоқ. Тек электр қуатын тұтынушыға жеткізетін инфрақұрылым тозған. Сол себепті көшелерде жарықтың жиі сөніп қалуы орын алады. Қолданыстағы электр желілерінің негізгі қуаты 6 мен 10 киловольт аралығында. Шаһардағы энергия көздерінің толыққанды жұмыс істеуі үшін, кабельдерді жердің астымен жүргізу маңызды. Ал оның қуаты 20 киловольттан кем болмауы тиіс. Бұл уақыт талабы, - дейді маман.

Айта кетейік, бүгін Астанада Үкімет отырысында Алматыдағы энергокешендердің мәселесі көтерілді. Премьер-министр «Самұрық Энерго» компаниясы мен қала әкімдігіне шаһардағы энергетика проблемасын бірігіп шешуді тапсырды.

Андрей Тарасюков, тәуелсіз сарапшы:

Алматыны электр энергиясымен қамтамасыз етуде айтарлықтай проблемалар бар. Соның біреуін ғана айтар болсақ, «Горный Гигант» қосалқы стансасының астындағы топырақтың көшу қаупі туындап отыр. Қаланы 30 пайыз электр энергиясымен қамтамасыз ететін энергокешен апатқа ұшыраса, қиындыққа тап боламыз. Ендеше шаһарға қажеті энергоқұрылымдардың қауіпсіздігіне  баса мән берген дұрыс деп есептеймін.